$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Оралда картада белгіленбеген көше тұрғындарын жол жоқтығы қинап тұр

26.11.2025ж. 19:00
Оралда картада белгіленбеген көше тұрғындарын жол жоқтығы қинап тұр

Асфальт төселер күнді 15 жыл күткен оралдықтар өздері тұратын көшенің картада белгіленбегенін енді біліп күйініп отыр. Қағазға түспей қалған бұл аумақтың енді қашан жөнделері белгісіз. Тұрғындар Сымбат көшесі атына заты сай емес деп өкпелі: жаңбыр жауса,  ми батпаққа айналып, жаяу түгілі, жүрдек көлікпен жүру қиындайды. Амалы таусылғасын, өздері бірігіп ескі асфальт пен қиыршық тас төктіріпті. Бірақ жолды дұрыстап жөндемей, жағдайдың түзелмесіне көзі жеткесін, жауапты органдарға хат жазып, жиі мазалауға кіріскен.  Бір қызығы, биыл айналадағы көшелер түгел жөнделсе де, Сымбат көшесі тағы ұмыт қалған. Осыдан кейін төзіміміз таусылды, дейді тұрғындар.

МАРАТ ЗАЙНУЛЛИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мұнда кілең зейнеткерлер тұрады, кішкентай балалар бар. Сонды осылай өмір бойы балшықта жүреміз бе? Такси, басқа мәшинелер жедел жәрдем кірмейді біздің көшеге. 

СӘНДІБЕК МАКИШЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Картада жоқ деп айтады мына көшені. Бірақ коммуналдық ақыға қағазы келеді, газ бен жарық бәрі бар. Ал жол істеуге келгенде біз жоқпыз. 

Салаға жауаптылар  Сымбат деп белгіленген аумақтың ресми түрде көше ретінде белгіленбегенін жеткізді. Бұл жер шаруашылық жолы ретінде көрсетілгендіктен, көшелерді жөндеу жобасына қосылмаған.

АЛЬБЕРТ БЕКМҰХАМБЕТОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІ АВТОЖОЛ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Биыл Сымбат осы аумақтағы көшелерді жөндеу жобасына қосылмады. Қаржы да аз болды. Енді келер жылы бұған қанша қаржы кетерін есептеп жатырмыз. Тіпті ақша жетпеген күннің өзінде көктемде бұл жерге ескі асфальт төсеп береміз.