$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Ет экспортқа тыйым салу – экономикалық тұрғыдан негізсіз деп санаймын", - депутат

"Ет экспортқа тыйым салу – экономикалық тұрғыдан негізсіз деп санаймын", - депутат

Ет Экспортқа тыйым салу – экономикалықтұрғыдан негізсіз деп санаймын.

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев осындай мәселе көтерді. Ол депутаттық сауал жолдап, елдегі ет экспортына енгізілген тыйымға байланысты сала өкілдерінің шағымдарын жеткізді.

Депутаттың айтуынша, үкіметтің Түркістан облысынан экспортқа рұқсат беру шешімі аталған компанияға негізсіз артықшылық бергендей әсер қалдырып, лоббизм мен олигополия белгілерін еске түсіреді. Депутат бұл рұқсат қандай критерийлер бойынша берілгенін түсіндіруді сұрады.

Қырықбаев тыйым салу фермерлердің табысын азайтып, сатып алу бағасының күрт құлдырауына әкелгенін, инвестициялық тартымдылықты төмендетіп, нарық механизмдерін бұзғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл жағдай саланың тұрақтылығына қауіп төндіріп, хаос туғызуда.

Сондай-ақ депутат Ауыл шаруашылығы министрлігінде 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін 13 000 тонна көлемінде ірі қара мал етін экспорттауға сандық шектеулер енгізуді көздейтін бұйрық жобасы әзірленгенін айтты.

Ол мұндай шектеу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін, болашақта мал бағасының үш есеге өсуіне алып келуі мүмкін екенін жеткізді.

Депутаттың сөзінше, Үкімет еттің бөлшек бағасын төмендетеміз деген мақсатқа қол жеткізе алған жоқ, себебі нарық заңдылықтарын күшпен өзгерту мүмкін емес. Егер ет өндіру тиімсіз болса, бағаның өсуі барлық тұтынушыға әсер етеді.

Темір Қырықбаев халықаралық тәжірибеге тоқталып, Аргентинада ет экспортын бірнеше рет шектеу мал басының миллиондаған басқа азаюына, фермерлік шаруашылықтардың жойылуына және экспорттың екі есеге төмендеуіне әкелгенін мысалға келтірді. Оның айтуынша, мұндай шектеулер нарықты бәсекелестерге босатып, саланы қалпына келтіруді ондаған жылға созады.

«Дамыған елдерде еттің құны өнімнің тек 45-50 пайызын, қалған 50-55 пайызы сүйек, тері, желатин, коллаген сияқты қосымша өнімдерді экспорттау есебінен өтеледі. Бұл ретте қайта өңдеу үлесін арттырып, қосымша өнімдер өндірісін дамыту қажет. Шектеуді алып тастау арқылы ел мал басын сақтап, фермерлердің банкротқа ұшырауын болдырмай, саланы ұзақ мерзімді дамытуға мүмкіндік алады», - деді депутат.

Осыған байланысты депутат Қазақстаннан ет өнімдерін экспорттауға қойылған тыйымды толық әрі шартсыз алып тастауды сұрады.

Сонымен бірге сыртқы сауда мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырыстарына және халықаралық экономикалық ұйымдарға әр облыстан бір фермерді енгізуді ұсынды. Бұл ауыл шаруашылығы саласының нақты сұраныстарын ескеріп, тиімді шешімдер қабылдауға жол ашатынын айтты.