$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Президент тапсырмасы бойынша Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылы жаңа деңгейге көтерілді

Президент тапсырмасы бойынша Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылы жаңа деңгейге көтерілді

Үкімет үйінде ҚР Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен (МҚҰ) ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Дүниежүзілік банктің (ДБ), Халықаралық қаржы корпорациясының (ХҚК), Азия даму банкінің (АДБ), Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ), Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ), Ислам даму банкінің (ИДБ) өкілдері қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үйлестіру кеңесіне Премьер-министр басшылық етті. Кеңес құрамына сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ерболат Досаев, ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев енді.
Отырыс жұмысын аша отырып, Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық қаржы институттарының құрылымдық реформаларды жүзеге асырудағы және экономиканың сапалы өсуіне бағытталған озық тәжірибелерді енгізудегі стратегиялық рөлін атап өтті.
 

«Үйлестіру кеңесінің жұмысын және халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін қайта форматтау ел Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Бұл мемлекеттің беделді қаржы институттарымен ынтымақтастыққа қаншалықты деңгейде көңіл бөлетін көрсетеді.

Бізде бірлесіп жүзеге асырылған табысты жобалар мол. Десе де, одан да көп нәрсе жасауға болатынына сенімдімін. Еліміздің әлеуеті өте зор, сіздердің қолдауларыңызбен оны барынша жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын», - деп атап өтті Олжас Бектенов.


Күн тәртібінде – ел экономикасына мультипликативті әсер беретін жобаларға халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуын арттыру мәселесі.

Жиында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту саласына қатысты нақты бастамалар, ел өңірлерінің қаражатты өз бетінше тарту мәселелері қаралды. Сондай-ақ көлік әлеуетін одан әрі дамыту, микро, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдау бағдарламаларын кең ауқымда тарату бойынша МҚҰ-мен бірлескен бірқатар жоба ұсынылды.

МЖӘ тетігін қолдану мәселесін талқылау барысында «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заңның жаңа редакциясы атап өтілді. Ол бірқатар рәсімді оңтайландыру арқылы жобалардың сапасын арттыру және жоспарлау мерзімдері мен бюджеттік шығыстарды қысқарту үшін «Бағдарламалық МЖӘ» тетігін енгізуге бағытталған. ХҚК-мен бірлесіп бүгінде энергетика, денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау және көлік салаларында 7 ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Жалпы сомасы 2,7 трлн теңгеге 1 100-ден астам МЖӘ шарттары (аяқталғандарын қоса алғанда) жасалды.

 Халықаралық қаржы корпорациясының Қазақстандағы өкілі Зафар Хашимов нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіруге, жобаларды конкурстық іріктеу рәсіміне, сондай-ақ халықаралық алаңдарда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін белсенді ілгерілетуге қатысты ұсыныстарын айтты.
 

«Азия даму банкі Қазақстанның серіктесі болып саналады және Үкіметті, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үшін жағдайды жақсарту жөніндегі бастамаларда қолдауға дайын. Біз МЖӘ жобаларының пулын анықтауды маңызды деп санаймыз. Бұл сенімді инвесторларды тартуға көмектесіп, қазақстандық нарықтағы бәсекелестікті күшейтуге ықпал етеді. Аталған тәсіл АДБ-ның бұған дейінгі берген ұсынымдарына сәйкес келеді және біз МЖӘ орталығының осы маңызды кезеңді ілгерілетудегі белсенді рөлін жоғары бағалаймыз», - деп атап өтті АДБ өкілдігінің директоры Утсав Кумар.


  ЕҚДБ-ның ҚР-дағы басшысының орынбасары Асқар Намазбаев валюталық тәуекелдерге бюджет бөлу, әкімшілік кедергілерді қысқарту, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде МЖӘ тетіктерін пайдалану және тағы да басқа мәселелерді көтерді.

 Көтерілген мәселелер бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ерболат Досаев өз пікірлерін білдірді.