$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Президент ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты

27.11.2025ж. 19:00
Президент ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты

Мемлекет басшысының Қырғызстанға сапары бүгін де жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты. Шара «Ынтымак Ордо» резиденциясында өтті. Президентті Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров күтіп алды.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі алдымен шағын құрамда өтті. Саммитке Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек, Қырғызстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан Президенті қатысты. Мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Бұл жиын әрі қарай кеңейтілген құрамда жалғасты. 5 елден келген көшбасшылар Ұйымға мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбын қарастырып, биылғы жұмыстың негізгі бағыттарын қорытындылады. Алға қойған жоспарларды пысықтады. Мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы лауазымын сәтті атқарып, қызметін аяқтап жатқан Иманғали Тасмағамбетовке алғыстарын білдірді. Енді оның орнын 1 қаңтардан бастап Қырғыз Республикасының өкілі Таалатбек Масадыков басады. Оған берілген мерзім - үш жыл.

Жиын соңында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды. Сондай-ақ, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жан-жақты жетілдіруге бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.