Атырауда “Даму бала” бағдарламасымен тегін үйірмеге қатысуға екі жылдан бері ваучер ашылмай отыр. Балаларды спорт пен шығармашылыққа баулитын орталық иелері бүгін облыстық әкімдік алдына жиналып, қосымша ваучер беруді талап етті. Оның үстіне көрсетілген қызметке қаржыны уақытында аудармай, ұстаздар мен жаттықтырушылар жалақысын ала алмай жүр.
Балалардың бос уақытында тегін шығармашылық үйірме мен спорттық секциямен қамтитын мемлекеттік бағдарлама екі жылдан бері дұрыс жұмыс істемей тұр,- дейді жиналғандар. Айтуларынша, алғашында “Арт Спорт”, кейін ”Даму бала”, енді “Лира” болып атауы әлсін-әлсін өзгергенмен, жергілікті билік балаларды көптеп қамтуға еш ынта танытпай отыр. Сондықтан тіпті үйірмеден шығып кеткен баланың орнына жаңа ваучер ашуға асығар емес.
ӘЙГЕРІМ РАХЫМБАЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕР:
Біздің оқу орталығымызда 100-ден аса білім алады. Оның 44-і мемлекеттік тапсырыс бойынша келеді. Кезекте 150-ден астам бала тұр. Қаржыландыру үшін портал әні-міні ашылады деп келгендіктен, біз оларды да тегін оқытып келдік. Юылайша айтқанда, ерікті ретінде жұмыс істеп отырмын. Бірақ 23 қызметкерге ай сайын жалақы төлеуім керек. Қазір шығынға жұмыс істеп жатырмыз. Жыл аяғына дейін қаржыландыруды ашпаса, орталықты жабуға мәжбүр боламыз.
АҚЫЛБЕК МҰҚАНОВ, ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ата-аналар бізге уәждерін айтады. Неге басқа балаларда мүмкіншілік бар, мемлекеттік спорттық тапсырыспен келуге, ал біздің балаларда мүмкіншілік жоқ деп. Біз оларға мардымды жауап бере алмаймыз. Себебі қазіргі таңда бөлінген қаражатты қандай жүйемен игерілмей жатқаны бізге түсініксіз. Шығып кеткен баланың орнына бала ала алмаймыз.
Мемлекеттік тапсырыс алып отырған кәсіпкерлердің айтуынша, жыл басынан бері үйірмелерден түрлі себеппен 7 мыңға жуық бала шығып кеткен. Ал платформада мыңдаған оқушы тегін үйірмені күтіп жылдар бойы кезекте тұр. Өзге облыста бұл жүйе ың-шыңсыз жылына 2-3 мәрте ашылады,- дейді. Алайда әкімдікке талаппен келгендердің үміті ақталмады.
МАРАТ ӘБУОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Көрсетілген қызметтердің ақшасы толықтай аударылады. Жаңадан сіздер тапсырысты аш деу, бюджет қаражатына байланысты ғой. Әріптестерді жинағанда мен кеше ашығын айттым. Желтоқсан айына жаңадан ваучер ашылмайды. +Біздер бюджетке де тапсырыс береміз, қаржыға сұраныс береміз.
Бұрын мәдениет және спорт басқармаларында болған бұл бағдарлама білім беру басқармасына өткен. Сондықтан қабылдау алу жұмыстары уақыт алады,- деді аймақтың бас мұғалімі. Орталықтардың кешіккен қаржысы көп ұзамай аударылатынын айтты.
Айта кетейік, аймақта мемелкеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 225 мекеме бар. Күні бүгін 25 мыңнан астам бала қамтылып отыр.