$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Түрмеде отырған балалар саны көбейді

AstanaTV
27.11.2025ж. 19:00
Түрмеде отырған балалар саны көбейді

Түрмеде отырған жеткіншектер саны көбейді. Былтыр елдегі балалар колониясында 50-ге жуық жасөспірім жазасын өтесе, биыл олардың саны 80-ге жеткен. Сәйкесінше, қылмыс саны да өткен жылмен салыстырғанда көп. Құзырлылар 2 мыңға жуық істі тіркеді. Оның ішінде адам өлтіргені де, зорлық жасағаны да бар. Балалық бал күнін бұзақылыққа арнағандардың дені Шымкент, Астана мен Түркістан облысының тұрғындары. Жастар неге қатігез боп барады? Қоғам дертіне айналған мәселеге мектеп кінәлі ме, әлде ата-ана ма? Жомарт Түзелбай осы іспен күресіп жүргендер туралы материал әзірледі.

Соңғы уақытта жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың өршуі қоғамды алаңдатып отыр. Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ең жиі кездесетін қылмыстар – топтық төбелес, боулинг, интернеттегі агрессия мен киберқұқықбұзушылықтар. Осындай заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдары облыс аумағында 1550-ден астам рейдтік шара ұйымдастырған.

САЯТ ИБРАИМОВ, ПЕДАГОГ ТРЕНЕР:

Бүгінгі ата-ана негізі бәрін мектепке тастап қойып, өзі аш құлақтан қаш құлақ деп жүре алмайды. Сондықтан біз ата анаға өз жауапкершілігін сезіндіру мақсатында олармен ашық диалогқа түсу мақсатында түрлі қойылымдар сосын спикерлер шақырып, тіпті құқық қорғау органдарынан да адамдар келіп осы мәселенің мән жайын түбегейлі қарастырып жатырмыз. Бұл жердегі сол сіз бен біздің негізгі басты баланың Мағжан айтпақшы бала бақытты болу керек. Ал бақыт жолында не істейді? Ол оқу, білім алу және өмірге қадам басу.

Бала тәрбиесін де, білімін де тек мектепке сілтеп қою қате дейді мамандар. Бүгін де мұғалімдер ата-аналар жиналысқа қатысу үшін жаңа формат енгізген.  Оқушының сынып жетекшісінен бастап, психолог, полиция қызметкерлері, тіпті прокуратура өкілдеріне дейін тізімде бар. Барлығы кәмелет жасына толмаған өскелең ұрпақтың құқықбұзшылықтарын болдырмау үшін ұйымдастырылады.

ҚАЛАМҚАС СӘРСЕНБАЕВА, ІЛЕ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мен қоғамға керек емеспін бәлкім. Мен мүмкін мені ешкім жақтырмайды. Мен жалғызбын деген сияқты ой қалыптаса бастайды балада. Сол себепті ең бірінші кезекте әрине ол мектеп мұғалімі бар, мектеп психологі бар, сынып жетекшісі бар. Әрине олар өздерінің жұмыстарын жалғастыру керек. Сонымен қатар, солармен бірге бірлесе үйде ата ана балаға аса көп назар қойып баланы тыңдай білу керек.

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Ең бірінші адамдық қасиет те, мінездің іргетасы да отбасында қаланады. Алайда күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, көп ата-ана өзіне де, баласына да уақыт таппай жатады. Жеткілікті уақыт бөлінбеген баланың көңілін интернет, көшедегі достар, түрлі әсерлер оңай жаулап алады. Сондықтан балаға көңіл бөлу ата-аналардың маңызды ісі болуы тиіс дейді мамандар.