$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда «EXPO – Агроөнеркәсіптік кешендегі озық технологиялар» атты халықаралық көрме өтті

Алматыда «EXPO – Агроөнеркәсіптік кешендегі озық технологиялар» атты халықаралық көрме өтті

Алматыда «EXPO – Агроөнеркәсіптік кешендегі озық технологиялар» халықаралық көрмесі өтті. Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде инновациялық технологияларды кеңінен қолдану жолын талқылады. Ал кәсіпкерлер қайтсек табиғи тағамдар санын молайтамыз деп бас қатырды. Азық-түлік қауіпсіздігі де басқосудың басты сұрағы болды. 

Көрме Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Ресей ғылым академиясының бірлесуімен ұйымдастырылды. Басты мақсат – тәжірибе алмасу. Әрі агросекторға заманауи технологияларды енгізу.

АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ресей мен Қазақстанның табиғаты ұқсайды бір біріне. Қазір біз Ресейден біраз сорттарын сатып алып жатырмыз. Дән дақылдардың сорттарын. Бірақ олар біздің жерге бейімделмеген. Мақсат бірге сорт шығарып жаңағы генетикалық ресурстың негізінде осы селекцияны дамыту.

Іс-шараның арқасында екі елдің өндірушілері, үздік ғалымдары мен сарапшылары  бір алаңға жиналды. Қатысушылар агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарын талқылады.

ПЕТР ЧЕКМАРЁВ, РЕСЕЙ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз бүгін бірқатар уағдаластыққа келдік және Мичурин бағының негізін қалауға арналған көшет материалдарының ауқымды партиясын арнайы алып келдік. Бұл – Ресейде шығарылған әртүрлі дақылдар мен сорттардың бай генетикалық қоры. Осы материалдардың негізінде Қазақстан жағдайына бейімделген жаңа отандық сорттарды шығару жұмысы жүргізілетін болады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ресейдің 28 ғылыми институты Қазақстан аумағында отандық ғылыми-зерттеу мекемелерімен бірлесе жұмыс істеп келеді. Ал бұл көрме – ғылым мен бизнестің байланысын нығайтып, инновацияларды өндіріс процесіне енгізуге жол ашатын маңызды платформа.