$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Таза Қазақстан" аясында экобастамалар кеңейіп келеді

"Таза Қазақстан" аясында экобастамалар кеңейіп келеді

Қазақстанда "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында бірқатар аймақта түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Астанада университет студенттері үшін танымдық дәріс өткізілсе, Қызылорда, Қостанай облыстарында ауыл тұрғындары сенбілікке шықты. Тақырыпты тілші жалғастырады.

Экология - бүгінгі тренд емес, ертеңгі ұрпақтың өмір сапасын анықтайтын басты фактор. Сол себепті жастардың экологиялық санасын көтеру, жауапкершілік қалыптастыру – «Таза Қазақстан» акциясының негізгі бағыты. Бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде студенттерге арнайы дәріс оқылды. Дәрісті «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңес төрағасының орынбасары Елдос Абаканов жүргізді. Оның айтуынша, экология – тек табиғат туралы түсінік емес, адамның өмір сапасына тікелей әсер ететін кешенді құбылыс.

ЕЛДОС АБАКАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Азаматтар арасында нақты мәдениетті қалыптастыру экологиялық ол өте бір керек сұрақ. Себебі бір жағынан біздің еліміз өте бай, табиғаты бай. Алайда көп жағдайда осы адамдар демалатын орында, табиғи аумақтарымызда көптеген ластанған аймақтар да көріп отырмыз. Әрине, волонтерлар да жұмыс істейді, белсені жастар да қатысады осы мәселелерге. Бірақ енді оған қарамастан әрдайым осы мәселені көтеру арқылы міндетті түрде бір нақты оң шешімді көруге болады деп есептеймін.

Жиында студенттер белсенділік танытып, экологиялық бастамаларға қатысты өз пікірлерін білдірді. Экобастамалар тек ірі қалаларда ғана емес, ауыл-аймақта да жалғасып жатыр. Қызылорда облысының Тереңөзек кентінде тұрғындар «Таза бейсенбі» акциясына қатысып, көшелерді, каналдар мен арықтарды тазалады. Акцияға «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, ерікті жастар мен бастауыш партия ұйымдары қатысты. Аудан бойынша жыл басынан бері 7 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 70 шақырым арық-атыз тазартылған.

АҚТӨРЕ ИБРАГИМ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ СЫРДАРИЯ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Туған жерімізді таза ұстау, осы жердегі тазалық мәдениетін қалыптастыру осы бағыттағы жұмыстар ауданда жыл басынан бері жақсы жүргізіліп жатыр. Ауданда 7 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған, 70 шақырым каналдар мен арықтар тазартылған. Бұның барлығы бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесі.

Тобыл өңірінде  «Таза бейсенбі» акциясы аясында жыл басынан бері 900 тонна қоқыс шығарылды. Экобастамаға 12 мыңнан астам партия белсенділері мен еріктілер қатысты. Жыл басынан бері 600 –ден астам көше мен саябақ аумағы тазартылып, өзен  жиектері  қоқыстан арылды. Еріктілер мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарт кісілерге де қол ұшын созып келеді. Акция аясында 4 мыңнан астам  ағаш егілген.

ОРАЗҒАЛИ НҰРҒАЛИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСПАСӨЗ БӨЛІМІНІҢ КОНСУЛЬТАНТЫ:

Облыстық филиал мен аудан филиалдарымен «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты жалғасуда. Жалпы жыл басынан бері 12 мыңнан астам партия өкілдері, оның ішінде депуттаттар бастауыш партия ұйымы, сонымен қатар еріктілер  қосылып осы акцияны өткізіп келеміз. Жалпы жыл басынан бері 900 тоннадан астам мұз, қар, қоқыс шығарылды.

 

Экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған шаралар жыл бойы жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы халықты жауапкершілікке шақыратын ұзақ мерзімді бастамаға айналуы тиіс. Таза орта – таза қоғамның кепілі.