Павлодар облысында сирек ресурстарды заңсыз өндірген браконьер анықталды. Павлодар облысының Аққулы ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған азамат Artemia salina цисталарын – әлемдік нарықта жоғары бағаланатын су биоресурстарын заңсыз өндіруге қатысты қылмыстық істің фигуранты болды.
Бұл ұсақ шаян тәрізділердің жұмыртқалары экожүйенің маңызды бөлігі және заңмен қатаң қорғалады. Іс материалдарына сәйкес, заңсыз өндірілген цисталардың жалпы салмағы 609,69 келіні құраған. Жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша мемлекетке келтірілген залал 6 752 026,44 теңге шамасында. Заңға сәйкес, бұл — ірі мөлшерге жатады. Азамат Artemia salina цисталарын – құнды су биоресурстарына жататын шаянтәрізділерді заңсыз жолмен алғаны анықталды. Жануарлар дүниесін өндіруге тек арнайы рұқсат болғанда ғана жол беріледі. Алайда сот анықтағандай, айыпталушыда мұндай рұқсат болмаған. Сот процесі барысында сотталушының кінәсі толық дәлелденді. Оның әрекеттері мемлекетке айтарлықтай материалдық залал келтіріп қана қоймай, өңірдің экологиясына зиян тигізіп, су ресурстарының табиғи тепе-теңдігін бұзды. Қазіргі уақытта құқық бұзушы Павлодар облысы Аққулы ауданының пробация қызметінің бақылауында, онда оған қатысты қадағалау жүргізіліп, заң бұзушылықтарды қайталауға жол бермеу бағытында жұмыстар жүргізілуде.