Маңғыстау облысындағы ADVANTA.KZ жекеменшік мектеп-лицейінің шотына 108 млн теңгеден астам қаражат аударылды. Бұл ҚР Қаржы министрлігінің e-Qazyna платформасындағы OrtaBilim жаңа цифрлы сервисі арқылы қаражат алған алғашқы отандық мектеп.
Аталған сервис қаржыландыру процесін жеңілдетіп, ашықтықты арттыруға арналған. Мектептердің барлық бюджеті, тізімдері, кезегі мен өтінімдері осы жерде ашық түрде жарияланады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың сын-қатерін тежейді, сондай-ақ қоғамдық бақылауды күшейтеді. Бұған дейін жасалған қаржы аудиті осы салада көптеген кемшілікті анықтады. Айталық, қағаз жүзінде оқушылардың санын артығымен көрсету, мұғалімдер арасындағы «өлі жандар» (штатта тіркелгенімен іс жүзінде жұмыс істемейтін қызметкерлер), мектеп ғимаратының талапқа сай болмауы –оқушылардың «тойхана» және т.б. жерлерде отырып білім алғаны әшкереленді.
Енді жаңа форматты-логикалық бақылау жүйесінің арқасында мектептер цифрландырылып, кез келген оқушының немесе педагог маманның ЖСН бірнеше мемлекеттік деректер базасымен автоматты түрде салыстырылады.
Мысалы, оқушылар туралы мәліметтер «Электронды күнделік» жүйесімен интеграцияланып, автоматты түрде жаңартылады. Осылайша, қажетті ақша мектептерде білім алып жүрген оқушылардың нақты санына қарай төленеді.
Қазір тиісті бюджет Ұлытау, Қызылорда және Ақмола облыстарын есепке алмағанда, барлық өңірде жарияланды. Білім басқармалары бюджеттерді жариялағаннан кейін ғана жергілікті мектептер қаржыландыруға өтініш бере алатынын айта кетейік.
Ведомство өкілдері айтқандай, жекеменшік мектептер еліміздің білім беру жүйесінде маңызды орын алады. Мұндай білім ұйымдары мектеп тапшылығын азайтып, бюджетті үнемдеуге көмектеседі. Алайда бұл мәселеде бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалауы да мұқият назарды талап ететінін ұмытпаған абзал.
Келешекте осы бағытта бәсекелестіктің сапасын арттырып, дамыту үшін ваучерлік жүйені енгізу көзделіп отыр.
OrtaBilim сервисі отандық IT компания – Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ (мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен) өнімі. Бұл орталық қызметі бұрыннан жолға қойылған қазақстандық IT компаниялардың бірі. Таяуда оның құрылғанына 32 жыл толған-ды – Ақпараттық-есептеу орталығы 1993 жылы 2 қарашада ҚР Министрлер кабинетінің қаулысымен құрылған болатын.
Бұл аралықта АЕО сан алуан ақпарат жүйелері мен сервистерді (Мемлекеттік мүлік тізілімі, астық қолхаттарының тіркеу жүйесі, қаржы есептілік депозитарийі, Азаматтардың банкроттығы, мемлекеттік шекарада электронды кезек пен рұқсат қағаз алуға мүмкіндік беретін CarGoRuqsat және CarGoAlem сервистері, бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізімі, алкоголь және мұнай өнімдерін есепке алу жүйелері, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы және басқа да көптеген цифрлы жүйе мен шешімдер бар) әзірлеп, оларға техникалық қолдау көрсетіп келеді. «АЕО» АҚ-ның барлық платформасы мен сервистері деректердің қауіпсіздігі мен қорғалуына байланысты аттестаттаудан уақтылы өтеді.