$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Салық салу: 2026 жылдан бастап шағын бизнес үшін не өзгереді

Салық салу: 2026 жылдан бастап шағын бизнес үшін не өзгереді
ortcom.kz

2026 жылдың қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Жеңілдетілген декларация шеңберінде шағын бизнеске арналған бірыңғай біріктірілген режим енгізіледі. Бұл режим қазір қолданылып жүрген екі тәртіпті – жеңілдетілген декларация мен бөлшек салығын – біріктіреді. Жылдық шекті кіріс 600 мың АЕК-ке немесе 2,4 млрд теңгеге дейін болуға тиіс. Сонымен қатар жалдамалы қызметкерлер санына шектеу қойылмайды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев мәлімдеді.

Сонымен қатар егер жылдық кіріс 24 мың АЕК-тен асып кетсе, еңбекақы қорына жұмсалған қаражат есебінен салық салынатын табыс азайтылады. Жеңілдетілген режимді қолданатын салық төлеушілер ҚҚС пен әлеуметтік салық төлеушілері болып саналмайды.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жаңа жеңілдікті режим қарастырылған — 4% мөлшеріндегі бірыңғай минималды төлем. Оның ішіне ЖТС кірмейді. Бұл санаттағы азаматтар үшін жеке табыс салығы толықтай нөлге теңестірілді. Бірыңғай төлемнің құрамына міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және МӘМС жарналары кіреді. Салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарады. Сонымен қатар салық төлеушінің келісімімен декларацияларды автоматты түрде толтыру мүмкіндігі енгізілді. Жоспарлы тексерулерден толық бас тартылды. Жаңа жылдан бастап тексерулер тек тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде ғана жүргізіледі», – деді Ерлан Сағынаев.

Микро және шағын бизнес үшін 2026 жылға дейінгі кезеңдер бойынша салықтық тексерулер мен камералдық бақылау толығымен жойылады. Яғни, егер жыл ішіндегі міндеттемелердің жалпы сомасы 1 млн теңгеден аспаса, жер, көлік және мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу талаптары алынып тасталады. Сондай-ақ сенімді салық төлеушілер үшін кепілсіз және банк кепілдігінсіз мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі енгізіледі.

«2021 жылдан бастап елде кәсіпкерлік саласында жаңа реттеу саясаты аясында «таза парақтан реттеу» қағидаты енгізіліп келеді. 128 мың талаптың ішінде жаңа реттеу шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан астам талап жойылды. 2024 жылы түзетулердің екінші пакеті қабылданды. Біз тексеруден профилактикалық шараларға өтіп жатырмыз. Заңнамаға шамамен 400 өзгеріс енгізілетін болады», — деді спикер.

Бизнеске әкімшілік қысымды азайту мақсатында Smart Data Ukimet базасында «Гильотина» реттеу механизмі іске қосылды. Бұл — міндетті талаптар тізілімі, ол бизнеске тізілімнен шығарылған және уақытылы жойылмаған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік береді. Қазір өңірлік деңгейде де осындай түзету жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, бизнеске қатысты өңірлік талаптар қайта қаралды, жергілікті маңызы бар нормативтік-құқықтық актілердің базалық тізімі қалыптастырылды, жергілікті атқарушы органдар тарапынан Міндетті талаптар тізілімін толықтыру кестесі бекітілді.

Вице-министрдің айтуынша, бизнеске әкімшілік жүктемені одан әрі төмендету мақсатында «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңнан өзектілігін жоғалтқан рұқсаттарды алып тастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ жекелеген рұқсаттарды беру мерзімдері қысқартылып, бизнестің қажетті құжаттарды алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.