Бүгін елімізде алғаш рет диалог-платформа форматында ауыл әкімдерінің жиыны өтті. Оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Диалог-платформада шалғайдағы елді мекендерден келген шенділер қордаланған мәселелерді ашық айтып, Президентке тікелей жеткізуге мүмкіндік алды. Жиында қандай проблемалар көтерілді? Ауыл әкімдерін қазір не мазалайды? Аружан Задабек рет-ретімен.
2020 жыл. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы. Президент алғаш рет осы кезде ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтерген еді. Арада 5 жыл өтті. Үкімет бұл істі байыппен, біртіндеп жүзеге асырды. Қазір ел бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған басшылардың үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Енді жауаптылар бұл үрдіс аудан әкімдеріне керек пе деген сауалды саралауы тиіс.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Олар өз үміткерлерін ұсынып, сайлауға белсене араласты. Саяси ұйымдардың 1500-ден астам өкілі әкім болып сайланды. Жаңа басшылардың қатарында алты партияның мүшелері бар. Ал 700-ден астам азамат өзін-өзі ұсынып, сайлауда жеңіске жетті. Сайланған әкімдер жұмысқа кірісіп кетті, жалпы нәтиже жаман емес деуге болады.
Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Оны өркендету – ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге бей-жай қараған емес. Президент алғашқы Жарлығын елдімекендерді дамытуға арнағаны есте. Соған сай Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Қомақты инвестиция тартылды.
2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 есе өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Биыл шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады. Алайда алдымызда биік мақсаттар тұр: біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек.
Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызы осы қызметке алғаш рет сайланды. Бұл – жергілікті билік құрамы біршама жаңарғанын көрсетеді. Алайда «Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайды. Басшылар өздерінің мықты екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. Осы бағытта «Amanat» партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынған.«Басшының бағы – ел-жұрттың қамы» десек, мұндай ортаның болуы маңызды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек. Бірақ мұны халыққа пайдасы тиетіндей мұқият ойластырып іске асырған жөн. Соңғы жылдары жергілікті билік органдары кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып, олардың дербестігі арта түсті.
Әдетте, әкімдер сайлау алдында тұрғындарға бағдарламасын сөзін келістіріп, мінін көрсетпей таныстырады. Бірақ қызметке келген соң сөзінен таяды деген сын көп. Сол үшін Президент мұны заңмен бекіту керегін шегеледі. Уәдесін орындамай, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктерін қарастыруды тапсырды. Сонда үміткерлер де құрғақ уәде бере алмайды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл – жергілікті жерде шешімін табуға тиіс негізгі мәселелер. Бірақ әкімдіктер көп жағдайда мұндай өтініштерге атүсті қарайды.
Ауылдық округтердің өзін өзі қамту деңгейін арттыру үшін бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілді. Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылды. Содан бері елді-мекендердегі түсім төрт есе ұлғайып, 130 миллиард теңгеден асқан. Сол үшін Мемлекет басшысы «алымды жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидатын іске асыруды жөн санайды.
ИРИНА ШИШКИНА, ВАГУЛИНО АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ (СҚО):
Бюджеттің төртінші буынының ұлғаюы бізге ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Әрине, аудан бізді ешқандай ақшадан қыспайды. Десе де, өз қаржымызды өзіміз басқарсақ жүйелі істер атқарылатынын айтқым келеді.
Мемлекет басшысы, алдымен, ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беруді тапсырды. Осы бағытта «Ауыл аманаты» жобасының бәсі биік. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Енді 2029 жылға дейін бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ресурстарын ауыл бизнесіне қажетті инфрақұрылымды жетілдіру үшін жұмсаған абзал. Көптеген аймақта мал бордақылайтын және мал соятын орындар тапшы.
Президент биылғы Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Мемлекет басшысы депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ екенін айтты. Керісінше, оңтайландыру маңызды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бір сөзбен айтқанда, біз нағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек. Жаңа комитеттер құру мәселесін қарастыру қажет. Цифрландыру, аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн деп санаймын.
Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы елде ауқымды түрде алғаш рет өтіп отыр. Оған Мемлекет басшысы бастаған 5 жоғары лауазымды тұлға да қатысып, ауылдағы мәселелерді қаузады. Жиында Президент тапсырма беріп қана қойған жоқ. Алдына келген әр ауыл әкіміне мазалаған мәселесін айтуға мүмкіндік берді. Микрофон ұсынып, тыңдауға дайын екенін жеткізді. Суырылып Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің басшысы шықты. Ол әкімдердің өз міндетіне жатпайтын істерді де атқаратынын айтып, уәжін білдірді.
МЕДЕТ БЕКЖАНОВ, ТӘҢІРБЕРГЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ (АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ):
Ашық айтсам бізді заңсыз мал жаю немесе жол-көлік оқиғалары үшін әкімшілік айыппұл салуға міндеттейді. Шын мәнінде, әкімдерден тергеу жүргізу талап етіледі. Сонымен қатар, әкімдер қаңғыбас жануарларды ату сияқты мәселелермен айналысуға мәжбүр.
Мемлекет ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Бұл тұста әкімдердің басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру. Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, айналасы да көркейеді. Енді бір алаңға жиналған шалғайдағы басшыдан бастап, Үкіметтегілерге дейін осы маңызды міндетті бірге атқаруы тиіс. Қазір әлемдегі ахуал тұрақты емес. Келешек бұлыңғыр. Кейбір елдердің егемендігі халықаралық даулардың өзекті тақырыбына айналғанын көз көріп отыр. Мұндай кезде бәрімізге жүктелетін міндет бір- ел мүддесіне тиімді қызмет ету. Демек, елдің егемендігі, дербестігі – ұлт алдында тұрған басты мақсат.