Ауыл әкімдерінің Астанаға сапары тығыз графикпен өрбіді. Олар негізгі пленарлық отырыстан соң 6 бағыттағы панельдік сессияларға қатысты. Министрлер мен депутаттар ауыл аманатын арқалап келген атқамінерлердің алдына шықты. Сан саладағы сұрақтарына тікелей жауап берді. Ұтымды ұсыныстарын түртіп отырды. Әкімдер де қарап қалмады. Бар арыз-шағымдарын ашық айтты.
ШОЛПАН КАРИНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Бұл жерде Аманат партиясының алаңында тікелей пікір алмасудың жақсы деңгейде өтіп жатқанын атап өтемін. Бүгін диалог құрылды. Және өте сапалы деп айтатын едім. Алдағы уақытта біз барлық келіп түскен сұрақтардың барлығын толығымен зерделейтін боламыз. Біз осы кері байланысты партиямыздың тарапынан орналастырып, осы сұрақтардың әрі қарай да шешу жолдарын қарап, кейін осы сұрақтарға жазбаша түрде жауаптарын жеткізетін боламыз.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі де 200 әкімнің басын қосып, қай бағытта даму керегін пысықтады. Алдағы реформалар халық қалаулыларына қандай жауапкершілік артатынын түсіндірді. Агенттік төрағасы әкімдерге цифрлық сауаттылық пен стратегиялық ойлау қабілеттерін шыңдауға кеңес берді. Сессия соңында үздік қызметімен көзге түскен ауыл әкімдері марапатталды.
ДАРХАН ЖАЗЫҚБАЙ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Алға қойған мақсатымыз – ауыл әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру. Яғни, бізде қазіргі таңда халықтың сеніміне ие болып сайланғаннан кейін өздерінің міндеттерін жинаған дауысына қарай алып кетіп жатырма, ары қарай үлкен жетістіктерге жеткізіп жатырма, халықтың сенімі, бағасы қандай осы мәселелерді біз толыққанды қарап, пысықтап, жетілдіретін боламыз.