Қазақстанда геология саласын жаңғырту мақсатында биыл аэрогеофизикалық деректерді толық жаңарту жұмыстары басталды. Ел аумағын қайта түсіруді, гравиметриялық өлшемдерді заманауи стандартқа көшіруді көздейтін бұл бастама жаңа геологиялық кластерлер мен цифрлық платформалардың іске қосылуымен қатар жүріп жатыр. Жуырда Жезқазғанда халықаралық стандартқа сай жоғары технологиялы геологиялық кластер ашылды. Мұнда аэрогеофизикалық деректерді қайта жинау, сынамаларды өңдеу және архивтеу автоматтандырылған жүйе арқылы жүргізіледі. Сонымен бірге, ұлттық геологиялық деректерді цифрландыру процесі басталып, бұрын бөлек-бөлек сақталған миллиондаған материал бірыңғай платформаға біріктірілуде. Мамандар бұл жаңғырту Қазақстанға минералдық шикізатты дәл бағалау, жаңа кен орындарын анықтау және инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді деп отыр.