Шымкентте азық-түлік бағасын тұрақтандыру туралы 100-ден астам меморандумға қол қойылды. Қала әкімдігі мен кәсіпкерлер тауар құнын бірлесіп бақылауда ұстауға және инфляцияны тежеуге уағдаласты. Бұл шара мегаполис тұрғындарын қолдауға бақытталған. Осылайша қос тарап бағынбай бара жатқан бағаны бір ретке келтірмек.
Бұл бастамаға мегаполистегі «Грамад», «F-Mart» сияқты ірі сауда желілері, азық-түлік базарлары мен ұн, ет, сүт, жұмыртқа, нан-тоқаш сияқты негізгі тағам өндірушілер, сонымен қатар, көтерме жеткізушілер де қосылды. Тараптар бағаны бақылауда ұстап, негізсіз көтермеуге келісіп, меморандумға қол қойды.
АЙДЫН КӘРІМОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Күнделікті мониторинг жүргізіп, Сауда департаментімен бірлесіп орталыққа да баяндама жасаймыз. Сондықтан алдағы уақытта осындай бірлескен жұмыс нәтижесінде инфляция деңгейін, оның үстіне тауарлық инфляция, тауарлық емес инфляция көлемін едәуір төмендетеміз деген ойдамыз.
ТАЛҒАТ МЕКАМБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Баға негізсіз өзгермейді. Оны қадағалаймыз. Күнделікті мониторинг группасы бізде әр аудан әкімдігінде осындай мониторинг группасы бар. Бағаны қарап, күнделікті өзгеруін қадағалап отырамыз.
Келісілген тізімге 56 түрлі тауардың атауы кірді. Меморандумдарға 100-ден астам кәсіпкерлік субъектісі қол қойды. Тараптар делдалдық тізбектерді қысқарту, бағаны негізсіз өсірмеу және инфляцияны төмендетуге бағытталған бастамаларды бірге атқаруға келісті.
АЗАМАТ ҚОШЫМОВ, КӘСІПКЕР:
Бағаны әлеуметтік жағдайға қарап ұсынып жатыр бізге. Ол баға әрине енді екіжақты тарапта қаралып, тиімді жақтарына қарап, соған қарап, келісіп қол қойып жатырмыз. Меморандум бұл жерде енді көбінде 1 жылға қойылады. Себебі әр жылда өзінің өсімдері бар. Әр жылда әртүрлі баға ұсынылады.
Меморандумдарға қол қою – бұл бір реттік шара емес, әкімдік пен кәсіпкерлік қоғамдастығы бірге жүргізіп жатқан жүйелі жұмыстың жалғасы деді қала әкімінің бірінші орынбасары. Бұл қадам Шымкент қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын нығайту бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып отыр.