Бүгін музыкалық жас көрермен театры жаңа спектаклдің тұсауын кесті. "Екі ғұмыр" деп аталатын драмада нашақорлыққа салыну және есірткіге тәуелді болудың салдары қозғалған. Заң мен тәртіп аясында өткен пьеса билік пен ардың, адам мен қоғамның арасындағы шынайы қақтығысты суреттейді. Толығырақ, тілші бейнематериалында.
Бүгінгі қоғамның жарасын ашық көрсететін әлеуметтік драма ел алдында беделі бар қайраткер Жұмағұл атты басты кейіпкердің отбасындағы қиындықтар жайлы болды. Қызының нашақорлықтан қаза табуы тек әулеттің емес, тұтас қоғамның дертін айқындайды.
АҚЕДІЛ ИМАНҒАЛИ, ТЕАТР ӘРТІСІ, БАСТЫ КЕЙІПКЕР:
Бұл спектакль сол жастарымызды барынша есірткіден қорғау және де саналы ұрпақ есірткіге жоламасын деген мақсатта қойылып жатыр. Бұл жерде әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас. Шыны керек, қазіргі кезде ата-аналар материалдық жағдайға көп көңіл бөледі де, баланың рухани құндылығына қатты назар аудармайды. Соны спектакль ретінде сахналадық.
Ал қоюшы-режиссер Бауыржан Нұрбайдың жас ұрпақты тәрбиелеу тек ұстаздар мен ата-аналардың ғана міндеті емес, ол барша ересек адамның жауапкершілігіндегі дүние екеніне тоқталды.
БАУЫРЖАН НҰРБАЙ, ҚОЮШЫ-РЕЖИССЕР:
Қазіргі кезде наркомания мен лудоманияның белең алып тұрған заманы және осыған байланысты жастарымызды дұрыс жолға жетелемесек, арты қайғы-қасіретке әкелуі мүмкін. Осындайды болдырмау мақсатында суға тамған тамшыдай, өз үлесімді қоссам, көрерменге, жастарға, бүгінгі қоғамға ой салсам деген мақсатымды айтқан болатынмын.
Спектакльді тамашалауға арнайы келген спорт шебері Венера Жақсыбаева да қойылымның маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, жастарға нашақорлықтың зияны тек сөзбен емес, шынайы сахналық образ арқылы жеткізілуі қажет.
ВЕНЕРА ЖАҚСЫБАЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ КАРАТЭДЕН БІРНЕШЕ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ:
Мен өзім спортшы ретінде осындай нашақорлық сынды заттарға қарсымын. Және де осылай ұйымдастырып жатқан адамдарға алғысым шексіз. Өйткені балаларға шынайы көрсетіп, санасына осыны құйғандары өте дұрыс. Бұл қойылымда өздеріне түртіп алатын көптеген заттар айтылды деп ойлаймын.
“Екі ғұмыр” спектаклін тамашалауға келгендердің басым бөлігі мектеп оқушылары мен студенттер. Арасында баласын жетектеп келген ата-аналар да бар. Көрермен қойылымның тәрбиелік күшін, қоғам үшін өзекті мәселелерді терең әрі шынайы жеткізгенін атап өтті.