Димаш Құдайберген Мысырдағы Гиза қаласында «The Pyramids Echo» фестивалі аясында алғашқы жеке концертін өткізді.
Әнші Африка құрлығында, әйгілі Мысыр пирамидаларының жанында жеке шығармашылығын ұсынған алғашқы қазақстандық және ТМД елдерінен шыққан тұңғыш әртіс.
Сондай-ақ фестивальдің Pyramids Panorama алаңындағы жабылу концерті Қазақстан мен Қырғызстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергенге тапсырылған.
Кештің сиқырлы жарығында, мифтер мен көне құпияларға толы пирамидалар әрбір әнге өзіндік ерекше тарих сыйлады. Әр туынды жеке бір шағын спектакль секілді, Димаш әрқайсысында басты рөлді сомдады: «Fire» мен «Smoke» композицияларындағы харизматикалық жігіт, «Любовь уставших лебедей» әніндегі шынайы сезімнің қадірін білетін ер адам, «When I`ve Got You» және «SOS d’un terrien en détresse» шығармаларында өмірдің ең қымбат нәрселерін бағалай алатын тұлға бейнесінде көрінді.