$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«5 жасар ұлымды аямай тепті!», - тұрғын

01.12.2025ж. 19:00
«5 жасар ұлымды аямай тепті!», - тұрғын

«5 жасар ұлымды аямай тепті!». Үй ауласында көршісінен таяқ жеген жеткіншектің анасы осылай деп шырылдап жүр. Алаңқайда ойнап жүрген екі бала ерегесіп, артынша біреуінің әкесі кеп, балақайдың жағасынан алыпты. Апталдай азамат бұл әрекеті үшін қандай жазаға тартылмақ? Тілшіміз анықтады.

Бұл жағдай «Каспий» тұрғын үй кешенінің балалар алаңқайында болған. Жәбірленушінің анасы оны бейнебақылау камерасынан көріп, жағасын ұстапты. Айтуынша, көршісінің баласы бірінші боп  оның ұлын самокатпен ұрған. Соққыға шыдамаған бүлдіршін қарсыласына түкіріп жіберіпті. Одан соң бір-біріне тас атқан көрінеді. Сол сәтте жанжалды тұтандырған жеткіншектің әкесі жүгіріп келіп, 5 жасар баланы бар екпінімен теуіп жіберген. Күдіктінің әйелі құлап жатқан ұлды құлағынан тартып, орнынан тұрғызған.

ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:

Сотрясение алған деп жазып берді. Жеті күнге жалғыз баланың өзін ғана жатқызамыз, жанына сізді жатқыза алмаймыз деген соң бала уже қорқып, шошып қалған. Қалдыруға қорықтым. Өзіммен бірге отказ жазып үйге алып қайттым баланы. Бірақ түнімен мазасыздану тағы болды, құсу, бас ауру тоже. Арқам ауырып жатыр, аяқтарым деп, самокатпен тоже аяғынан да ұрған ғой видеода.

«Күдіктінің әйелі 80 жастағы анама да сес көрсетіп, қорқытты», - дейді жәбірленуші тарап. Қан қысымы көтерілген кейуана да медициналық көмекке жүгінген. Ерлі-зайыпты жасаған өрескел қылығы үшін кешірім де сұрамапты. Айта кетейік, 36 жастағы айыпты қолға түсті.

 САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталмыш дерек бойынша қылмыстық кодекстің 108-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, азамат ұсталып, күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Оның іс-әрекетіне міндетті түрде принципиалды тұрғыда құқықтық баға берілетін болады.

Аулаға доп тебем деп шығып, таяқ жеп қайтқан ұлының денсаулығын алаңдаған ана қылмыстық іс әділ тергеліп, айыптылардың жазалануын талап етіп отыр.