$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Атырау қаласының қақ ортасындағы екі қабатты үй тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр

Атырау қаласының қақ ортасындағы екі қабатты үй тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр

Атырау қаласының қақ ортасындағы екі қабатты үй тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр. Салынғанына 75 жыл болған баспананың сау тамтығы қалмаған, қирауға шақ тұр. Осыдан 15 жыл бұрын апатты деп танылған. Бірақ жергілікті билік тұрғындарды көшіруге асығар емес. 

Әди Шәріпов көшесіндегі 30ыншы үй халқы қараусыз қалған баспанада тұруға мәжбүр. Апатты үйден тұрғындар біртіндеп көшіп кетіп жатыр. Барар жер, басар тауы қалмағандар ғана амалдап күнелтуде.Соңғы күндері үй-күйсіз жүргендердің жиналатын орнына айналған көрінеді. Тіпті бірнеше күн бұрын көрші үйдің бірінен өрт шығып, тұрғындардан ұйқы қашқан..

ӘНУАР АРЫСТАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бір адам кіріп- шыққан сайын үйдің жарлары қозғалады. Айналамыздың бәрі заброшка. Мына жерде наркомандар, бейтаныс адамдар жиналады. Өзімнің үш балам бар. Былай-былай шығуға қорқасын балалар үшін. Енді сносқа кете алмай отырмыз. Әні-міні деп келе жатыр. 

ҰЛМЕКЕН БЕРҒАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Төбе деген анау. Жоғарыдан су сарылдап тұр. Трубаның бәрі шіріп жатыр. Тұруға невозможно. Сносқа кетеді дегеніне 15 жыл болды. Әлі кетпеді. Төменнен тышқан шығып жатыр. Подъезге кіріп, шыға алмайсың. Кіріп, шықсаң, құлайсың. Онда да бәрін шегемен қағып тастаған. 

Бұл көшеде осындай 5 үй бар. Тұрғындар жыл сайын өз бетінше жөндеуге тырысқанмен, ескі үй жөндеуге көнбей, жыл сайын  мүжіліп барады.  

ОЛЖАС ХАСАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Жаз айларында осы үйге келіп, тұрғындарға «Ақмаржан» тұрғын үйіне көшу ұсынылды. Тұрғындар әртүрлі себептермен толық келіспеді. Тұрғын үй кешені алыс деді. Өздері осы жерде тұрып, орналасқан жеріне үйренген. Тұрған жерден үй сұратып, бас тартты. Енді көшу жұмыстары әрі қарай жүзеге асып жатыр.

Жауаптылардың сөзіне сенсек,  қаладағы тозығы жеткен 91 үй тұрғындарына  2029 жылға жаңа үй беріледі.  Ал Әди Шәріпов көшесіндегі апатты үйдің тұрғындары әзірге шешімді күтіп, осында жан сауғалай тұруға мәжбүр.