$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Абай облысында республикалық құсбегілер турнирі өтті

Абай облысында республикалық құсбегілер турнирі өтті

Абай облысында республикалық құсбегілер турнирі өтті. «Абай салбурыны – 2025» дүбірлі додасына  70-ке жуық бүркіт, 14 ителгі мен 15 қаршыға қатысты. Екі күнге созылған тартысты турнир аясында құмай тазы жарысы да болды. 

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайластырылған бәсеке, Жидебай төріндегі «TauKum» этно ауыл кешенінде өтті.Шараны ұйымдастыруға Қазақстан Бүркіт федерациясы қолдау көрсеткен.  Өңір-өңірден келген саятшылар ителгі мен қаршығаны қоянға, қыран- бүркітті түлкі мен қарсаққа салды.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау –барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылу қаупінен сақтайтын ең басты қалқан ұлттық құндылықтар мен озық дәстүріміз екенін атап өткен болатын.

Екі күнге созылған сайыс бағдарламасында қырандардың қырағылығы мен ептілігі, саятшылардың шеберлігі сыналды. Сонымен бірге дәстүрлі құмай тазы жарысы өтті.

ТЕМІРӘЛІ ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, “АБАЙ САЛБУРЫНЫ – 2025” ҚАТЫСУШЫСЫ:

Бабадан қалған өнер мен ұлттық спорттың қарқыны қазір бұрынғыдан анағұрлым жоғары. Әуелде бар-жоғы 10–20 құсбегі болатын, оның басым бөлігі – ақсақалдар еді. Қазір жастар өте көп. Құсбегі болу – қасиетті де үлкен жауапкершілік.

Бүркітшілер сайысында астаналық Ерасыл Серікбек "Қарашолақ" атты құсымен 1 орынды иеленді. Қаршыға бәсекесінде Жамбыл облысынан келген Берікболсын Бабажан жеңімпаз атанды. Құстың аты – "Қанжар". Ителгі жарысында Бабажан Бақдаулет "Қаракөз" атты құсымен жеңіске жетті. "Құмай тазы" додасында Үржар ауданының қатысушысы Рахат Ақылжанов топ жарды.

БЕРІК УӘЛИ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бүгін осы додада ерекше өнер көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын. Қазақстанның құсбегілік федерациясына, ұйымдастырушыларға, төрешілерге және арнайы келген құрметті қонақтарға Абай облысы атынан алғыс айтамын.

Қыран құспен аң аулау – қазақтың төл мұрасы, көшпенді мәдениеттің феномені. Бүгінде бұл өнерге деген қызығушылық артып келеді.