Алматыда халықты эвакуациялау бойынша республикалық оқу-жаттығу шарасы өтті. «Қоныс-2017» деген атаумен өткен шараның мақсаты - тұрғындар мен шахар қонақтарының табиғи апатқа әзірлігін пысықтау. Бұл жолғы оқу-жаттығу жиынының ерекшелігі - оған теміржол транспорты тартылды. Яғни пойыздарға мінген жолаушылар өзге қалаларға жол тартты. Оларды Қарағанды мен тараздықтар күтіп алып, қамқорлық танытты. Ауқымды шараның барысын баяндауға тілшілеріміз әзір тұр. Алғашқы болып алматылық әріптесім Олжас Нұржақып сөз алады. Олжас, жер сілкінісі бола қалғанда не істеу қажет? Көрген-білгеніңізбен бөліссеңіз.
Олжас Нұржақып, тілші:
Иа, Ләйла, бүгінгі жаттығу табиғи апатқа дайындықты пысықтауға бағытталған. Сол себепті, мегополисте 217 эвакуациялық жиналу пункті ашылған. Оның бірі - жалпы білім беру мектебінің ғимараты.
Мұнда жақын маңдағы тұрғындар жиналып, жарақат алғандары алғашқы көмекке жүгініп әлек. Ал қорқып қалған жандарға психологиялық көмек көрсетілді.
Ақмарал, Алматы қаласының тұрғыны:
Колледжден шығып бара жатқанда құлап түстім. Содан қолыма жарақат алдым. Қазір жағдайым онша емес. Бірақ болады.
Тоғжан Момбек, психолог:
Жедел жәрдем шақырдық. Келгенше өзіміздің алғашқы көмегімізді аянбай көрсетудеміз. Қанды тоқтатуға мейлінше атсалысып, алдын алдық. Төтенше жағдай кезінде зардап шегушіден сол сәтте алған сезімін өзінен сұрау арқылы, оған психологиялық көмек беріп, сабырға шақырып, барынша аянбай еңбек еттік.
Уақытша қауіпсіз деп саналған бұл нүктеге шатыр тігіліп, жылы киім және ыстық тамақпен қамтамасыз ету қарастырылған. Ал тексеруден өткендері автобусқа отырғызылып, қаладан шығарылып жатыр. Шұғыл шараға бес жүзден астам адам мен 40-шақты техника жұмылдырылды.
Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі:
Жаттығудың мақсаты - Алматы қаласы тұрғындарының ғана емес, одан басқа келген қонақтардың да осындай қолайсыз төтенше жағдайға дайын болуды көздеп отыр. Қазіргі таңда жақсы деген бағада сипат алып отыр.
Табиғат апатынан адамдарды аман алып шығу шарасынан теміржол транспорты да шет қалмады. Бір мезетте басталған бағдарламада Алматы-2 вокзалынан арнайы вагондар желісі құрылып, адамдарды алыс өңірлерге аттандыру жүзеге асырылды.
Олжас Нұржақып, тілші:
Яғни 6 вагонға мінген 250-дей азамат, қауіпсіз жер деп саналған Жамбыл және Қарағанды облыстарына жеткізілді. Сол өңірлердегі әріптестерім кезек күтіп тұр. Қарағандылықтар оқу-жаттығуды қалай жаслағстырды. Айжан, кезек өзіңізде.
Айжан Қуаш, тілші:
Иә, Олжас. Бір топ адам Алматы-Қарағанды поезымен Жаңа Қарағанды станциясына жеткізілді. Арасында жарақат алғандар да бар. Жер сілкінісі бола қалса, жапа шеккендерді аймақтың барлық ірі бекеттері қабылдап алады.
Бұл жаттығулар оңтүстік өңірде жиі болатын төтенше жағдайға құтқарушылардың дайындығын пысықтайды. Сондықтан зардап шеккендерге поездың ішінде де көмек көрсетілді. Ал, теміржол станциясында оларды медицина қызметкерлері мен азаматттық қорғаныс күштері күтіп алды.
Қуаныш Мұталапов, Қарағанды қалалық ТЖ басқармасының бөлім бастығы:
«Бұл тұрғындарды, біздің ең
бірінші мақсатымыз, қабылдап, тіркеу жасап және де уақытша тұратын орындарға
жайғастыру».
Зардап шеккендерге «Қызыл ай» қоғамы да көмекке келмек. Белсенділер бірінші
кезекте балалар мен аналарға, қарттарға қолдау көрсетеді.
Татьяна Абрамова, «Қызыл ай» қоғамы Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары:
Ең алдымен бір-бірінен адасып қалған отбасы мүшелерінің жақындарын іздеп табуына көмектесеміз. Психологиялық кеңес береміз. Одан кейін, әрине, жылы киімдер әкеліп таратамыз.
Айжан Қуаш, тілші:
«Темір жол станцияларында алғашқы дәрігерлік көмек алып, ауқаттанған адамдар көп аялдамайды.Тез арада жатақханалар мен қонақүйлерге орналастырылады. Бұл, әрине, шынайы жер сілкінісінде қолданылатын шаралар. Дәл осындай жаттығулар Таразда да өткен болатын. Сөз кезегін әріптесім Данияр Әлімқұлға беремін.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Иә, Айжан, сценарий бойынша Алматыдан Таразға 28 мыңдай адам жеткізілді. Олар облыс орталығы мен 4 ауданға бөлінді. Қауіпті аймақтан жеткізілгендер қатарында үйінді астында қалғандар мен жүруге жарамайтындар да бар. Қордай станциясына 1500, Шу шаһарына 4 жарым мың, Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандары 5 мың адамды теңдей бөліп алса, Таразға 17 мың адам қоныстанбақ.
Біз әрқашан көмек көрсетуге дайынбыз. Ал енді, құрметті азаматтар, сабыр сақтап, алдағы қабылдау эвакуация пунктіне баруларыңызды сұраймыз.
Жолаушы тасымалына 5 мыңдай автобус пен 84 түрлі техника жұмылдырылған. Жедел жәрдем бригадалары да осында. Құтқару жасағы 680 адамнан тұрады. Дәрі-дәрмек қоры да жабдықталған. Азық-түлікпен қамту жағы да ойдағыдай
Руслан Шариев, Жамбыл облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары:
Бізде қазіргі таңда 4576 тонна азық-түлік бар. Ол бізге бір ай, бір жарым ай ішінде тамақтандыруға жететіндей жинақталған. Оларды орналастыру үшін 90 қонақүйіміз қарастырылды, 7 демалыс орындары және де үлкен-үлкен мейрамханаларда орналастыруды қарастырдық және толықтай орындадық.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Сценарий желісі бойынша, Алматы
мен Шымкент маңында жер сілкінісі болып, «Апат 2222» сигналдық дабылы ойнады. Жер сілкінген жағдайда сақадай сай болу үшін, осындай пысықтау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Астанамен тікелей бейнеқосылу болып, аймақ атқамінерлері ТЖМ мен ІІМ басшыларымен дайындық барысын баяндады. Біздегі ақпарат осы, Ләйла.
Рахмет. Айта кетейік, "Қоныс-2017" оқу-жаттығу жиыны бойынша аймақтардағы тілшілеріміз
бізбен тікелей байланысқа шыққан болатын.