$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Атырауда бәзбіреулер зиратты қиратып, бейіттің үстіндегі ай таңбаларын лақтырып кеткен

Атырауда бәзбіреулер зиратты қиратып, бейіттің үстіндегі ай таңбаларын лақтырып кеткен

Атырауда бәзбіреулер зиратты қиратып, бейіттің үстіндегі айшық таңбаларын лақтырып кеткен. Жаға ұстатар жағдай қала іргесіндегі Еркінқала ауылы маңындағы мұсылмандар қорымында болған. Ауыл халқы бұл шектен шыққандық деп, кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр.

Таңертең ауыл тұрғынын жерлеуге келген халық  тас-талқан болған бейіт пен шашылып жатқан айшықтарды көріп, шошып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, бұзақылар мықты бекітілген белгіні өздерімен бірге алмай, сол жердегі топыраққа шаншып қойған. Еркінқала ауылының тұрғыны Сембай Жұмағалиев бұл алғашқы жағдай емес,- дейді. Бұдан біраз бұрын әжесінің бейітінің басында тұрған бес айшықты кесіп алып, қасындағы бір-екі мәйіттің құлпытасын  алып кеткен.

СЕМБАЙ ЖҰМАҒАЛИЕВ, ЕРКІНҚАЛА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Арыз жаздым, онымен ешқандай қорытынды шыққан жоқ. Жақын арада болған зат. Одан кейін ауылымызда апайымызды жерлеуге келгенде ауылымыздағы бір-екі мәйітті сындырып қиратып кеткен екен. Бұл кішкентай баланың ісі емес. Үлкен қалың темірді кесу деген мүмкін емес. Кеше көрді ғой органның адамдары.  Үлкен қалың темірді болгаркамен кескен.

АҚМАРАЛ ШӘРІПОВА, ЕРКІНҚАЛА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Түнделетіп бейіт барысына бармайсың.  Түсте қарап кетейін деп келіп тұрмын. Қызым осы жерде еді негізі. Әйтеуір ештеңесіне тимепті. Бірақ  бұл жағдай қорқынышты жағдай. Өйткені жұлып алып кетпегесін, жерде оны тастап кеткесін, әр жерге қадап кеткесін қорқамыз.

Ауыл тұрғындары кешелі-бері зиратқа ағылып келіп, жақындарының бейітін қарап жүр. Бұл  вандалдардың қасақана жасаған қатыгез әрекеті,- дейді олар.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бұзақылардың әрекеті жақын маңдағы бейнебақылау камерасына түспеген.  Олар зираттың артқы жағынан кірген. Қорқып қалған тұрғындар іс жабылып, тәртіп бұзғандар жазасын қалмасын деп отыр.

ДИНА МАҚСОТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Еркінқала ауылы маңындағы зираттарды бүлдіру дерегіне  қатысты  қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта  қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған  жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

Полиция әзірге күдіктілерді тапқан жоқ. Ал ауыл халқы вандализмге тұсау салмаса, тағы да қайталана ма деп қауіптенеді.