Жеке азаматтарға арналған автолизинг жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Бағдарламаның мақсаты - автокөлікті сатып алуды қолжетімді ету. Ол қалай жүзеге асады? Тілшіміз Ақбота Базарбай айтады.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Лизинг жүйесі бұрын тек заңды тұлғаларға ғана рұқсат еді. Енді жеке азамат та жаңа көлікті жалға алып, ай сайын төлеп жүргізе алады. Толық төленгенге дейін ол сіздің емес, компанияның меншігінде. Бірақ көлік бұзылса, не жоғалса, барлық тәуекелі сіздің мойныңызда. Төлемді ай сайын төлейсіз, мерзім соңында, қалған бағасын өтеп, сатып аласыз, не қайтарасыз немесе ауыстырасыз.
Мемлекет алғашқы жарнасыз тетікті қарастырған. Бірақ жауапты министрліктер нақты шектеу қоймағандықтан, лизинг компаниялары өз еркімен 10 пайыздан бастап талап ете бастады. Яғни бағдарлама шартын нарықтың өзі белгілеп отыр.
САЯТ ҮРПЕЖАНОВ, «FORTELEASING» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
10 пайыз бастапқы жарнасымен, 15 пайызбен үш жылға берілді. Бұл заңды тұлғаларға берілетін лизинг шартымен бірдей. Біз халықаралық тәжірибені қарадық. Оларда жарнасыз да автолизинг беріледі және пайыз мөлшерлемелері де төмендеу. Әрі қарай жетілдіреміз. Қазірдің өзінде бірқатар ұсыныс түсті. Оның бәрін Үкіметпен, қауымдастықпен бірге пысықтайды.
Қазақстандағы лизингтік төлемнің тағы бір ерекшелігі ай сайынғы сома көліктің амортизациялық құнына қарай өсіп-азаюы мүмкін. Яғни көлік қаншалық тозса, төлем құрылымында да соған сай айырмашылық болады.
АЗАМАТ ПАНБАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІ ӨНЕРКӘСІП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Алынған лизинг сомасы толық өтелгенше көлік лизинг компанияның меншігінде болады. Лизинг алушы астындағы көлікті кез келген уақытта компанияға барып ауыстыруға мүмкіндігі бар. Екінші артықшылығы - лизинг мәліметтерінің несие тарихына ықпалы аз болады. Лизингтен өткен адамның келісімшарты несие тарихында ескерілмейді.
Сарапшылардың пікірінше, бағдарлама шынымен тиімді болуы үшін оның төлемі автонесиемен бәсекеге қабілетті болуы қажет.
САНАТ НҰРБАЕВ, АВТОСАРАПШЫ:
Жауапты мамандардан сұраған кезде олардың айтуына қарағанда Мемлекет екінші деңгейлі банктен қаржыландырады, екінші деңгейлі банктерден яғни автолизинг компания ақша алады. Енді екінші деңгейлі банк деген білесіздер, олардың пайыздық мөлшерлемесі 25 пайыздан төмен жоқ. Олар 205 пайызбен компанияға ақша берсе, автолизинг компаниясы өзінің пайызын қосса, оларда кемінде 20-25 қосса, 40-45 пайызға болып кетеді.
АҚШ-та әр үш көліктің бірі лизингпен алынған. Жапонияда бұл жүйе салықтық жеңілдіктермен қолжетімді. Қазақстанда да механизмнің сәтті болуы - шарттың ашықтығына, төлемнің қалтаға қонымдылығына байланысты. Ал әзірге - келісімшарттың әр жолын мұқият оқыған абзал. Пилоттық жоба мүмкіндікті де, тәуекелді де қатар алып келеді.