$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Талдықорғанда Халықаралық волонтерлер күніне орай "Мейірімді Жетісу" форумы өтті

02.12.2025ж. 19:00
Талдықорғанда Халықаралық волонтерлер күніне орай "Мейірімді Жетісу" форумы өтті

Талдықорғанда Халықаралық волонтерлер күніне орай "Мейірімді Жетісу" форумы өтті. Қала жастары мен еріктілер қауымдастығының басын қосқан шараның негізгі мақсаты – волонтерлердің қоғамдағы маңызды рөлін айшықтап, олардың еңбегін дәріптеу.

Еңбек етіп жүрген жастарға демеу көрсету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Ұлттық волонтерлік желінің атқарушы директоры, қоғамдық ұйым жетекшілері, тәжірибелі еріктілер мен белсенді қала жастары қатысты. Аталмыш форум волонтерлердің өзара тәжірибе алмасуына және алдағы жоспарларды ортаға салып талқылауға септігін тигізді.

ШЫРАЙ САМАТҚЫЗЫ, «МЕЙІРІМДІ ЖЕТІСУ» ВОЛОНТЕРЛЕР ФРОНТ-ОФИСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің облысымыз бойынша мыңнан аса тіркелген волонтерлеріміз бар.  13 тіркелген үкіметтік емес ұйым және де 18 бастамашыл топ бар. Қазіргі таңда бізде “Мейірімді Жетісу” байқауы аясында бүгін форум 10 номинациямен волонтерлеріміз марапатталатын болады.

"Мейірімді Жетісу" байқауында "Волонтерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін" номинациясы бойынша 10 үздік ерікті алғыс хатпен марапатталып, арнайы мүсіншелермен қанжығаларын майлап қайтты.

ТАТЬЯНА МИРОНЮК, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК ЖЕЛІСІНІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

5 желтоқсан – халықаралық волонтерлер күні. Бұл мереке біздің елімізде де бекітілген. Оның үстіне 2026 жыл халықаралық деңгейде Волонтерлер жылы болып жарияланды. Осыған орай, әлемнің жүзден астам елі әртүрлі акция, еріктілер жобасын ұйымдастыратын болады. Біз де өз волонтерлерімізге қолдау көрсетіп, олардың еңбегін барынша танытуымыз керек.

Форум соңы мерекелік ән-шашумен ұласты. Волонтерлер алдағы уақытта инклюзивті жобалар дайындап, қоғамға қызмет етудегі жауапкершілікті арттыруға бел байлап отыр.