$541.34 €640.73 ₽6.53
×

ОРЕС қоры 5 жылда Қазақстандағы жобаларға 400 миллион долларға дейін қаражат бөледі

ОРЕС қоры 5 жылда Қазақстандағы жобаларға 400 миллион долларға дейін қаражат бөледі

Түрлі жобаға 400 миллион доллар қаржы бөлінеді

Мәжіліс 2024 жылы 4 қыркүйекте Астанада қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларды ұйымдастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялады.

Бұл келісімде Қордың инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Үкімет кепілдігін талап етпей, 2,5-5 пайыз мөлшерлемемен несие беруі көзделген. Сол үшін Қордың активтері мен кірістері тікелей салықтардан босатылып, валюта айырбастау және қаражат аудару мүмкіндігі беріледі. Құжат сондай-ақ Қордың мәртебесі мен режимін айқындайды, оған артықшылық пен иммунитет береді, Қор мен бенефициарлардың құқықтарын қорғап, дауларды төрелік сот арқылы шешуді реттейді.

Келісімді ратификациялау ОРЕС қорына энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, қаржы, ауыл шаруашылығы, су, телекоммуникация, білім беру және денсаулық сақтау сияқты салалардағы экономикалық даму мақсаттарының бөлігі ретінде Қазақстанға қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте стратегиялық «су-азық-түлік-энергетика» тізбегіне басымдық беріледі. ОРЕС мәліметі бойынша, 2025-2030 жылдар аралығында елдегі түрлі жобаға 400 миллион долларға дейін қаражат бөлу жоспарланған.

Анықтама үшін: ОРЕС халықаралық даму қоры 1976 жылы құрылған, оның штаб-пәтері Венада орналасқан. Қордың негізін қалаушы 12 ел: Алжир, Венесуэла, Габон, Индонезия, Иран, Ирак, Кувейт, Ливия, Нигерия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Эквадор.