Мерекені шетелде қарсы алмақ болған кейбір оралдық тұрғындар жылуға қарызын тезірек төлеп тастауға асығып жатыр. Осылайша, он күннің ішінде борышкерлердің қатары 30 адамға азайған. «Жайықжылуқуат» мекемесінің өкілдері берешек азаматтардың шетелге шығуына салынған тыйым нәтижелі болғанын айтады. Қазір Оралдың 300-дей тұрғыны осындай «жазаға» тартылған. Айта кетейік, аймақтағы жылуға берешегі 40 мың теңгеден асып кеткен азаматтардың шекарадан шығуына тыйым салынған еді.
Вячеслав Солодилов, «Жайықжылуқуат» АҚ коммерциялық директоры:
Қазір адамдар қарызынан құтылуға асығуда. Өйткені борышкерлердің кейбірі шекарадан аса алмай, отбасымен кері қайтып келіп жатыр. Олардың үйі мен көлігіне, банктегі ақшасына бұғат қойылған. Қарызын төлегендерді бірден есептен шығарамыз. Ал сот орындаушылары бұл іске кемінде бір апта жұмсайды.
Бүгінде
«Жайықжылуқуат» мекемесінің «Қазтрансгазаймақ» компаниясына қарызы 750 млн теңгеге жетті. Осы қарыздың кесірінен газ берушілер оралдық жылу орталығын бір
жылда жеті рет газдан ажыратып тастаған еді. Ал тұрғындардың жылу таратушы
компанияғы берешегі 523 млн теңгені құрайды.