$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Өңірлердегі тұрғындардың мыңдаған талап-тілегі мен сұрағына, өкінішке қарай мардымды жауап алған жоқпыз", - Ерлан Қошанов

"Өңірлердегі тұрғындардың мыңдаған талап-тілегі мен сұрағына, өкінішке қарай мардымды жауап алған жоқпыз", - Ерлан Қошанов

Үкімет тарапынан берілген біраз жауап мардымсыз болды. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов осылай деді. Депутаттар жаз бойы өңірлерді аралады. Тұрғындар көтерген мәселелерді депутаттық сауал ретінде жолдады.

«Бүгін шынында көп сұрақ қойылды, көп ұсыныс айтылды. Егжей-тегжейлі талқыланды. Десе де Үкімет тарапынан берілген біраз жауап мардымсыз болғанын атап айту керек. Нақты сұрақтарға көбіне сырғытпа, жалпылама жауап берілді. Нақты істерді көрсете алмады. Ол туралы жаңа Фракция жетекшілері өз сөздерінде сынға алды.

Қанат Алдабергенұлы, бұл сұрақтың бәрін біз өңірлерге барып келгеннен кейін, күзде Премьер-министрдің атына жолдаған болатынбыз. Өңірлердегі тұрғындардың мыңдаған талап-тілегі мен сұрағына, өкінішке қарай мардымды жауап алған жоқпыз.

Бүгін осы мәселелердің орындалу барысын қарап жатырмыз. Келесі жылдың басында тағы да кездесу болады, ол кезде нақты нәтижелер күтеміз», - деді Мәжіліс спикері.

Шынында өңірлерде мәселе көп. Оны күні кеше өткен Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында көрдік.

«Мемлекет басшысы сол жерде осы мәселелердің көбінің жүйелі шешімін ұсынды, нақты тапсырмалар берді.

Олар қалай орындалады, қалай аяғына дейін жеткізіледі?

Бұл Мәжіліс депутаттарының тұрақты бақылауында болады. Көріп отырғанымыздай, әкімдер көтерген мәселелер мен өңірлерден жиналған талап-тілектер бір-бірімен байланысып жатыр. Олардың бәрін біз жақсы білеміз.  Оны шешу бойынша күнделікті айналысуымыз керек. Келесі жылы осындай жиынымызда бұл мәселеге қайтып ораламыз», - деді Ерлан Қошанов.