$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ел бойынша мыңға жуық өзекті мәселе көтерілді

Ел бойынша мыңға жуық өзекті мәселе көтерілді

Мәжілістегі жалпы отырыс әдеттегідей ресми баяндамалармен ғана емес, Үкіметке бағытталған өткір сындармен де есте қалды. Халықтан жиналған шағымдар мен талап-тілектер легі тым көп, ал мемлекеттік органдардың берген жауаптары жұтаң болғандай. Депутаттар Үкіметке «ескі жұмыс тәсілі енді жүрмейді» деп ашық ескертті. Отырысқа қатысып келген әріптесім тақырыпты тарқатып айтсын. 

Мәжілістің бүгінгі отырысы жай жиын емес, билік пен халық арасындағы байланыс қай деңгейде екенін айқын көрсеткен күн болды. Бір жағында «бәрін бақылауда ұстап отырмыз» дейтін Үкімет тұрса, екінші жағында ел ішіндегі қордаланған проблеманы тізіп келген депутаттар тұр. Ал ортасында – жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сұрақтардың 31 пайызы әлеуметтік салаға тиесілі. Бұл денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мен білім беру, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігі. 125 сұрақ мемлекеттік реттеу мен қаржы-экономикалық мәселені қамтиды.  87 сұрақ күштік құрылымдарға қатысты. Оған жеке құраммен толықтыру, материалдық-техникалық, қоғамдық қауіпсіздік бойынша, сондай-ақ өткізу бекеттері мен мемлекеттік шекараны жаңғырту мәселелері кіреді.

Жылтырағанның бәрі алтын емес. Осы жылы ел бойынша 965 өзекті мәселе көтерілген. Жартысы - ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, экология, құрылыс, көлік сияқты нақты сектордағы түйткілдер. Бірақ нақты шешім жоқ. Депутаттар шенеуніктердің селқостығынан шаршағандарын ашық айтты.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Сессия басталғалы бері «AMANAT» фракциясы Үкіметке экономикалық маңыздағы 120 депутаттық сауал жолдады. Алайда сол сауалдардың шамамен 60 пайызы формалды, мазмұнсыз отписка сипатында болды жауаптары. Сондықтан Президенттің "Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасы атқарушы билік тарапынан әлсіз қолдау тауып отыр.

Қойшы көп болса, қой арам өледі. Үкіметке қанша сұрақ қойғанмен, нақты жауап жоқ. "Жоқ" деген сөздің өзі, елдің мәселесін шешуге келген орган үшін «бізден сұрамаңдар» дегеннің синонимі сияқты.

СЕРІК ЕГІЗБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Шаблонды жауаптар, мәселенің мәні бойынша нақты жауаптың берілмеуі, тіпті әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің нормаларын  елемеу жағдайлары бұған мүлде жол беруге болмайды деп санаймыз.

Өздері отандық өнімді қолдау керек деп айтып келеді. Бірақ сары майды сонау Жаңа Зеландиядан алдырып отыр екенбіз. Депутат Ермұрат Бәпи отандық тауар өндірушілердің ахуалын сынап, шененуніктерге өткір сұрақ қойды.

ЕРМҰРАТ БӘПИ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Ит өлген, ит емес-ау кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз. Тоңазытқышы жоқ қазақ қарынға салып май өндірген. Жаңа Зеландиядан май тасу ұят қой. Ал біздің өндірісіміз тоқтап тұр. Балтық жағалауынан май тасимыз. Май өндірген қазаққа отандық өндірісімізді қолдамай сырттан делдалдардың көмегімен сары май тасу сорақылық.

"Өз үйім - өлең төсегім" деген бұл жерде жұмыс істемейтін сияқты. Өзіміздің өнім бар, бірақ Үкімет сырттан келгенін құшақ жая қарсы алады.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бір сөзбен жауап қайтара алмайсың бұл мәселеге.

«Ит байласа тұрмайтын» саланың ахуалы шенеуніктің жауабы сияқты баяу қозғалып барады. Мәселе бұнымен таусылған жоқ. Мектептерді аудан емес, облыс қаржыландырады.

«Екі қойдың ортасында қалғандай» күйді аудан әкімдері бастан өткеріп отыр. Қолы байланған, қаржы жоқ. «Бас жарылса - бөрік ішінде» деп отыра беретін мәселе емес дейді депутаттар.

ҰЛАСБЕК СӘДІБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мектептің шатыры құлап немесе терезесі сынған жағдайда шешім қабылдау үшін облысқа жүгіну қажет. Қаражат бөлу процесі айларға созылады. Бұдан мектеп пен оқу процесі зардап шегеді. Депутат ретінде әріптестерімізбен бірге бұл мәселені бірнеше мәрте көтеріп, депутаттық сауалдар да жолдадық. Бірақ, шешім жоқ. Пилоттық жоба ретінде енгіземіз деген. Тіпті, неліктен пилоттық жоба екендігі де түсініксіз. Себебі, бұл жаңа жоба емес қой.

Мәжілістегі бүгінгі сын - жай эмоция емес, жылдар бойы шешілмеген мәселелердің айғайы. «Жығылған күреске тоймайды» дегендей, Үкімет бір мәселені шешпей тұрып, екіншісіне көшеді. Ал халық күтіп отыр. Депутаттардың айтуынша, Үкімет енді «жоқ» деп отыра алмайды. Халықтың да, Парламенттің де төзімі шегіне жақындаған. Ал Үкімет тыңдай ма, әлде тағы да тыңдаған сыңай таныта ма?