Қызылжарда астық таситын вагондар тапшы. Бұл мәселе бидай мен ұнның экспортын тежеп отыр. Қараша айында өнім бойынша алыс-беріс көлемі 45 пайызға кеміген. Бұл жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері хабарлады. Өнімді тасымалдаудағы қиындықтар өткен айда басталған. Қазанда 500-ге жуық вагон жетіспеушілігі байқалған болатын. Қазір дефицит көлемі мыңнан асып жығылды. Диірмендердің өзіне 200-ден астам вагон қажет. Қалғаны бидай экспорттайтын трейдерлердің сұранысын өтеуі тиіс. Шенеуніктердің мәліметінше, вагондар ел ішіндегі порттар мен шетелдегі кеден бекеттерінде тұрып қалған. Осыған байланысты қазір олардың санын көбейту мәселесі қаралып жатыр.
Қуандық Шакубаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
«ҚТЖ» қосымша 1000 вагон сатып алды. Бірақ бұл көлем бізге жетпеуі мүмкін. Себебі олар вагондарды барлық аймақтарға бөледі Ал тек Қызылжар өңірінің өзіне мыңнан астам вагон қажет. Біз қазір күн сайын селекторлық жиын өткізіп жатырмыз. Мәселені шешу үшін арнайы штаб құрылды.
Вагон дефициті салдарынан әлеуетін толық мөлшерде арттыра алмай жүргендердің бірі - «СевЕсілзерно» серіктестігі. Диірменге ай сайын 100 вагон керек Алайда, қазір оларға бар-жоғы 20-сы ғана ұсынылған. Осының кесірінен мың тоннадан артық дайын өнім қоймада тұрып қалды. Ал ұн шығаратын 2 кешеннің біреуі ғана жұмыс істеп тұр.
Александр Трифонов, ұн шығару зауыты директорының орынбасары:
Ұнға
тапсырыс көптеп түсіп жатыр. Өнім
жеткілікті, тек оны тасымалдай алмай отырмыз. Логистикаға жауап беретін компания
біз берген өтініштің 10-15 пайызын ғана қанағаттандырады. Осы екі айда
кәсіпорын дағдарып қалды. Мамандарды қысқартпау үшін, жұмыс күнін екі есе
кемітуге мәжбүр болдық.