Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылорда облысында 51 елді мекеннің су астында қалу қаупі бар

AstanaTV
13.12.2017ж. 20:00
3021
Қызылорда облысында 51 елді мекеннің су астында қалу қаупі бар

Қызылорда облысындағы 51 елді мекен су астында қалуы мүмкін. Бұл туралы "Астана" арнасына су ресурстарын реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейнінің инспекция басшысы мәлімдеді. Әділхан Қарлыхановтың сөзінше, әсіресе Сырдария өзенінің жоғары тұсында орналасқан су қоймаларынан төнген қауіп зор. Бүгінде олардын барлығы суға толған. Мысалы, сыйымдылығы 19,5 миллиард текше метр болатын Тоқтағұл су қоймасына қазірдің өзінде 19 миллиард текше метрдей су жиналған. Енді біраз күнде оның ернеуінен аспасына кепілдік жоқ көрінеді. Ал облыстың солтүстігінде орналасқан Арал, Қазалы аудандары аумағындағы су көздерінде қабыршақ мұз қатқан. Алдағы 3-4 күнде мұз ұстасады деген болжам бар. 

Әділхан Қарлыханов, су ресурстарын реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейні инспекциясы басшысы:

Сырдария өзенінде су көлемі 500-600 текше метрден аспау керек. Бұл бойынша біз бұдан екі ай бұрын мынау екі облыс Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының әкімшіліктерімен бірге келісіп, арнайы кесте жасаған болатынбыз. Облысымызда 51 елді мекен судың астында қалуы мүмкін. Мұнда 42 мыңнан астам халық тұрады. Арнайы кесте жасалды, қай жерге көшіріледі, орындары әзірленді.

Тасқын қаупі туралы тұрғындарға ескертілді. Елді мекендер мен шаруашылық нысандарын судан қорғау бойынша тиісті шаралар жасалып жатыр, - дейді маман. Ең бастысы, тасқын суды қауіпсіз өткізу. Қазір барлық қызметтер жоғары дайындық режиміне көшірілген.  Мамандардың айтуынша, келесі жылы облыста 600 миллион текше метр сыйымдылығы бар Күміскеткен су қоймасының құрылысы басталады.