$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Енді қазақстандықтар көзін емдету үшін зейнетақы жинағын ала алмайды

04.12.2025ж. 10:46
Енді қазақстандықтар көзін емдету үшін зейнетақы жинағын ала алмайды
фото: pixabay

Отбасы банк біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге арналған өтінімдерді enpf-otbasy.kz платформасы 4 желтоқсаннан бастап қабылдамайды

Банктің баспасөз қызметінің ақпаратынша, өтінім қабылдауды тоқтату Денсаулық сақтау министрлігінің БЖЗҚ емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістерімен байланысты. Желтоқсанның үші күні тиісті бұйрық жарияланды. Жаңа ережелерге сәйкес, зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді.

Ал осы күнге дейін жіберілген өтінімдер  белгіленген тәртіппен қаралады.

Қазіргі уақытта банкте «офтальмология» бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 15 808 өтінім бар. Оның ішінде:

• 5131 өтінім (4,6 млрд теңге) бойынша банк мамандары құжаттарды тексеріп жатыр;
• 10 677 өтінім (8,7 млрд теңге) бойынша клиенттерден қосымша құжат сұралып жатыр.

-Стоматология бойынша өтінімдер тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артты. 15 қыркүйекке дейін айына орташа 174 өтінім мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есеге, яғни 1 264 өтінімге дейін өсті. Сонымен қатар, банк бірқатар күмәнді жағдайларды анықтады. Әртүрлі клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаса да, құжаттарда клиника әр қалада орналасқан түрлі мекенжайлармен көрсетілген. Тексеру барысында бұл мекенжайларда мұндай клиниканың жоқ екені белгілі болды, — делінген хабарламада.

Бірқатар бағыт тоқтатылғанына қарамастан, азаматтар БЖЗҚ артық қаражатты әлі де маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалана алады. 

-Орфандық (сирек) ауруларды емдеу, реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары, радионуклидті және радио-йод терапия, радиохирургиялық ем, протондық терапия, — делінген хабарламада.