$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ата-анасын қараусыз қалдырған 601 адам алимент төлеп отыр

AstanaTV
04.12.2025ж. 19:00
Ата-анасын қараусыз қалдырған 601 адам алимент төлеп отыр

Қауқарсыз қарт ата-ана өз балаларынан алимент өндіре алады. Биыл алғашқы үш айда сот шешімімен 601 адам әке-шешесіне алимент төлеуге міндеттелген.  Бұл-жай статистика емес, алаңдатарлық жағдай. Себебі, ата-анасынан бас тартататындар елімізде көбейіп барады. Қарттар үйі тұрғындарының 60 проценті– балалары бар, бірақ қараусыз қалғандар.

Баласы бола тұра, мұнда келгендер тағдыры туралы жақ ашпайды. Бар мұң-зары ішінде. Көбісі адаммен араласпайды, томаға-тұйық жүргенді қалайтын көрінеді.  Оларды өз  перзенті  ақы төлеп осында тапсырған. Ата -анасынан бас тартқандар әкесі мен анасының соңғы демін көруге келмейді, табыт көтеріп ақтық сапарға да шығарып салмайды екен. Ақшасын беріп ақылы қызметке жүгіне салады.

АРДАҚ СЕИТОВА, «ШАРАПАТ» ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бала-шағасы бар кісілер яғни енді олар түрлі тұрмыстық жағдайға байланысты осы мекемеге келгендер. Бүгінгі күнде 344 адамның ішінде 60 адам тұрады, ақылы түрде.

Депутаттар қарттар үйіне ата анасын тастайтындарға жауапкершілік пен жүйелі жұмыстар күшейту керек дейді.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қарттар үйін паналаған балалары лауазымды қызмет атқаратын кәсіппен айналысатын ұрпақтары бақ қуатты тұратын бейбақтар да бар. Қарттар үйін паналауға мәжбүр болған қариялардың дәрі дәрмегі тағы да басқа материалдық қажеттілігі үшін өмірдегі ең қымбатты ата- анасын керексіз қылған көкек балалардың табысынан ұстап отыруды ұсынамын.

Елдегі 45 мемлекеттік қарттар үйінде қазір 3500-ден астам қария өмір сүреді.  Әрқайсысының тағдыры әртүрлі. Бірі баласы бола тұра осында тұруға мәжбүр болса, енді бірі барар жер, басар тауы болмай осында келген.

Хамилла Балғазина  жасы 80 келгенде жалғыз қалыпты.  Үміт артқан ұлы қайтыс болған соң осы орталықты паналаған.  

ХАМИЛЛА БАЛҒАЗИНА, «ШАРАПАТ» ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2 жыл жүрдім ойландым, туыстарым бар ғой шүкірмін, сонда да жалғыздық бір Аллаға жарасқан дейді. Жасымыз болса баяулады, жағдайымыз күннен күнге келе жатыр, өзім инвалидпін 2-ші группа бала кезімнен.

Жанболат Бейсембаев та 11 жылдан бері осында тұрады.  Оның да бала-шағасы жоқ.

ЖАНБОЛАТ БЕЙСЕМБАЕВ, «ШАРАПАТ» ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осында қарындасым болған, қарындасым алып келді қарындасымның қолында тұрып едім ол да қайтыс болды, күйеу бала үйленіп өзінің семьясы, жиендермен тұруға 1-комнаталы үйде қалай тұрамын.14 жылы осы жерге келдім.

 

Статистикаға сүйенсек, қарттар үйіндегілердің  15-20% ғана  сот арқылы, яғни отбасында жағдайы болмай келген  кісілер.  Бұрын  айына 2-3 адам келсе,  қазір  14-15 адам қабылданатын көрінеді.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Қарты бар үйдің қазынасы бар деген сөздің мән-мағынасын ұғатындар аз қазір. Соның салдарынан  үйдің киесі саналатын қариялар күйсіздің күнін кешіп жүр. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасы соқырланбай, ата анасының соры емес, сорлатпайтын бағы болсын дейміз.