Қызылорда облысында спорт мектебі директорларын ротациялау осы оқу орындарындағы жалпы көрсеткішке оң әсер етті,-деп хабарлайды Astana TV.
Дене шынықтыру және спорт туралы заңға биыл өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Соған сәйкес ұзақ жыл спорт мекемелерін басқарып келгендерге ротация тәртібі енгізіліп, басқару жүйесі жаңартылды.
-Осының нәтижесінде спорт мекемелеріндегі жалпы көрсеткіштер жақсара түсті. Жылды мектептердің көрсеткіші мен жеткен жетістігін олимпиадалық спорт түрлеріне сүйеніп қорытындылаймыз. Ең төмен көрсеткіш көрсеткен спорт мектебі директорларының жұмысын заң аясында қарастырамыз. Жаңа заң аясында 4 жылдан астам қызметте отырған мектеп директорларын жұмыстағы жетістігіне байланысты ротациялаймыз, - деді басқарма басшысы мектеп.
Бұған дейін 6 директор ротация тәртібімен ауыстырылды. Ротация басшылық қызметте төрт жылдан ұзақ отырған адамдарға байланысты. Бақтияр Артаев өңірде басшылық қызметте жиырма жылдан көп уақыт тапжылмай отырғандар болғанын жасырмады.
-Төрт жылдан аспауы керек деп есептеймін. Одан ұзап кетсе, нәтижеге көңіл бөлмеуі мүмкін. Мұндай өзгеріс саланың бойына қан жүгірту үшін керек. Ал егер басшы жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан болса, орнында қалдырамыз. Мәселе жұмысы сұйылып, нәтиже көрсетпегендерге байланысты. Оның орнына төмен қызметтегі қолынан іс келетін азаматтарды қоямыз, -деді ол.