$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Астаналық оқушылар эко-хабта қалдықты қайта өңдеуді үйренді

Астаналық оқушылар эко-хабта қалдықты қайта өңдеуді үйренді

Астанада жаңа ашылған эко-хабта қала мектептерінің оқушыларына арналған ерекше танымдық экскурсия өтті. «Таза Қазақстан» бастамасы бойынша ұйымдастырылған шарада балалар қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу процестерімен танысып, экологиялық мәдениеттің маңызын ұқты. Экскурсия барысында олар тіпті пластикті өңдеудің бір бөлігіне өздері қатысып көрді.

Астанадағы жаңа эко-хабта балаларға қалдықтарды сұрыптау, жинау және алғашқы өңдеу жолдары көрсетілді. Мамандар тұрмыстық қалдықтарды дұрыс бөлу арқылы оларды екінші өмірге қайтаруға болатынын түсіндірді. Эко-хабтың басты мақсаты да осы - балалар мен жалпы қала тұрғындары арасында экологиялық дағды қалыптастыру, табиғатты ұқыптап пайдалануға үйрету.

АЙГЕРІМ ЖАРЫЛҒАПОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЭКО-ХАБ БАСШЫСЫ:

Осындай экскурсиялар арқылы біз қалдықтардың қалай сұрыпталатынын, қандай материалдардың қайта өңдеуге жарамды екенін жан-жақты түсіндіреміз. Балалар бәрін көзбен көріп, қолымен ұстап көргенде, экологияға деген қызығушылығы арта түседі.

Бағдарламаның ең қызық кезеңдерінің бірі - пластикалық бөтелкелерді фандоматқа өткізу. Әр бөтелке үшін оқушылар 4 теңге алуға немесе бұл қаражатты қайырымдылыққа аударуға шешім қабылдады. Сонымен қатар олар велошредерді қолданып көрді, педальды айналдыру арқылы пластик қақпақтардың қалай түйіршікке айналатынын бақылады. Бұл материал кейін жаңа өнімдер жасауға пайдаланылады.

АМИНА ҚАЛИМУЛИНА, ҚАЛАЛЫҚ ЭКО-ХАБ МЕНЕДЖЕРІ:

Олар бөтелкені өткізіп, оның нақты әрі жылдам өңделетінін бірден көреді. Пластик қақпақтардан алынған түйіршіктер кейін жаңа бұйымдар жасауға қолданылады. Біз балаларға әрбір дұрыс сұрыпталған қалдық табиғатты сақтауға қосылған шағын, бірақ маңызды үлес екенін түсіндіруге тырысамыз.

Эко-хаб бүгінде қаладағы қайталама шикізат қабылдайтын маңызды орталықтардың біріне айналды. Мұнда пластик, алюминий, макулатура, шыны секілді материалдардан бөлек, жақсы күйдегі қажетсіз заттар да қабылданады. Бұл заттарға екінші өмір сыйлап, қайта пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай жүйе полигондарға жіберілетін қалдық көлемін азайтып қана қоймай, тұрғындар арасында саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыруға әсер етеді.