$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта бірлескен мәлімдеме жасады

04.12.2025ж. 20:03
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта бірлескен мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргізілгеніне, кездесу емен-жарқын, достық рәуіште әрі конструктивті сипатта өткеніне тоқталды.

– Қазақстан мен Еуропа Одағын өзара сенім мен түсіністікке негізделген жан-жақты ынтымақтастық байланыстырадыі. Біз көптеген мәселені қарастырып, серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға ниетті екенімізді растадық. Әлгінде айтқанымдай, Президент Антониу Коштаның елімізге сапары Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде «жаңа буын» келісіміне қол қойып, ратификациялаған алғашқы ел. Бұл маңызды құжат екіжақты қарым-қатынастың өрбуіне негіз қалап, сауда, инвестиция, инфрақұрылым, инновация, мәдениет салалары секілді өзара ықпалдастықтың барлық басты бағыттарын қамтыған, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, талқылауға арқау болған негізгі тақырып – экономикалық ынтымақтастық.

– Бүгін біз сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі арттыруға және әртараптандыруға уағдаластық. Қазақстан алдағы уақытта да еуропалық бизнес өкілдеріне тұрақты әрі ашық инвестициялық климат қалыптастыруды жалғастыра береді. Энергия тиімділігі, аса маңызды минералдар, цифрлық технология және көлік байланысы секілді салаларда ынтымақтастыққа мүмкіндік мол, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы келіссөз барысында көлік-логистика қатынастарын нығайту жолы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға бірлесе күш-жігер жұмылдыру мәселесі қарастырылғанын атап өтті.

– Бұл ретте Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы үйлестіру платформасының жұмысын, сондай-ақ ЕО-ның «Global Gateway («Жаһандық қақпа») бастамасын құптаймыз. Қазақстан Еуропа Одағының Орталық Азия елдеріне арналған 12 миллиард еуро көлеміндегі инвестициялық пакетіне қолдау білдіреді. Бұл қаржы көлік, шикізат ресурстары, «жасыл» энергетика және цифрлық технология жобаларын іске қосуға бағытталады. Бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік тораптарының біріне айналдыра алатынымызға сенімдіміз. Бұл барлық тарапқа да пайдалы. Бұдан бөлек, біз энергетикалық қауіпсіздік пен энергия ресурстарының тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін талқыладық. Энергетикалық серіктестіктің тың бағыттарында, атап айтқанда, аса маңызды минералдар, атом энергетикасы, мұнай химиясы, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздері салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаластық. Мақсатымыз – шикізат жеткізіп қана қоймай, Еуроодақ стандарттарына сай табиғи ресурстарды терең өңдейтін жергілікті өндірістерді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығару және қалдықтарды өңдеу арқылы Қазақстанның еуропалық жеткізу тізбегімен интеграциясын күшейту, – деді Қазақстан Президенті.

Антониу Кошта Еуропа Одағы мен Қазақстанның серіктестігі нақты нәтиже беріп отырғанына назар аударды

– Осы аптада Брюссельде визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөзді бастадық. Бұл уағдаластық Қазақстан мен Еуропа азаматтары үшін өте маңызды екенін жақсы түсінемін. Келісімге қол қойылғаннан кейін азаматтарымыздың барыс-келісі, алыс-берісі жиілеп, білім алып, жұмыс істеуіне оңтайлы жағдай туады. Бұл халықтарымыз арасындағы достықтың нағыз символына айналады, – деді ол.

Еуропалық Кеңес басшысы Самарқанд қаласында өткен «Еуропа Одағы – Орталық Азия» саммитінің нәтижесінде өңіраралық серіктестікті стратегиялық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Алқалы жиында көлік, энергетика, климат, су ресурстары, аса маңызды шикізат материалдары, цифрландыру және халықтар арасындағы байланысты кеңейту ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде белгіленгенін еске салды.