$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге шынайы құрметпен қараймын» - Мемлекет басшысы

05.12.2025ж. 14:43
«Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге шынайы құрметпен қараймын» - Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

 

Қасым-Жомарт Тоқаев:кәсіпкерлерге шынайы құрметпен қарайтынын айтты.

«Қазір әлемде болып жатқан үдерістерді бәріңіз де көріп-біліп отырсыздар. Геоэкономикалық ахуал өте құбылмалы әрі бұлыңғыр. Осындай кезеңде бизнес өкілдерінің жасампаздық, отаншылдық қасиеттері айқын көрінеді. Мұндай уақытта кәсіпкерлеріміздің табанды еңбегі және ел болашағына деген зор сенімі аса маңызды екені анық. Түптеп келгенде, сапалы өнім шығарып, сапалы қызмет көрсету – бәсекеге қабілетті болу және ең бастысы, еліміздің өркендеуіне нақты іспен үлес қосу деген сөз. Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге, ұлттық буржуазиямызға, соның ішінде, ең алдымен, осы залда отырған бизнес қоғамдастықтың өкілдеріне шынайы құрметпен қараймын. Сіздердің қабілеттеріңізге, іскерлік және адамгершілік қасиеттеріңізге сенемін. Сіздер мемлекетіміздің игілігі, экономикалық әлеуеті үшін табанды еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның нағыз патриотысыздар. Сіздер жетістікке жетуден шабыт алатын, өзгелерге үлгі болатын азаматсыздар. Әр қадамдарыңыз сәтті болатынына сенімдімін. Қандай да бір істе болсын, пессимизмге бой алдыратын, әрекетсіз, құлықсыз, іші тар адамдардың жетістікке жетпейтіні ертеден белгілі. Мұны, әсіресе, әлеуметтік желіде уақытын өткізіп жатқан жастар білуі әрі есте сақтауы керек. Шығыс даналығы ең қиын жағдайдың өзінде үлкен мүмкіндіктер жасырынып жататынын айтады. Сондықтан еңсені түсіріп, күйзеліске берілудің қажеті жоқ. Керісінше жетістікке жететін жол іздеу керек», – деді Президент.

Соңғы жылдары бәсекелестіктегі артықшылықтарымызды толық ашуға, экономикалық өсімнің тың мүмкіндіктерін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға бағыт алдық. Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр.

“Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын айттым. Өйткені инфляция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуға тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмей келеді. Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды”, – деді Президент.