Қарағанды облысының Қарабас кентінің оқушылары мектепке 3 жарым шақырым жерден жаяу келеді. Мектепке апарар жол алыстығымен қоймай жолда зауыттар, иен ғимараттар мен бірнеше түрме бар. Қорқынышты, әрине. Ата- аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдап жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырды. Алайда мектеп оқушыларын таситын автобус шығарылмай отыр. Мәселенің мән- жайын Айжан Қуаш білді.
Жоғары сыныптың оқушылары мектепке абақтылар мен зауыттардан өтіп, әрең жетеді. Ал кішкентай балаларды ата- аналар кезекпен әкеліп, әкетеді. Кейде такси жалдайды.
АЙДОС ЖҮРКЕНОВ, ҚАРАБАС КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қызым бірінші сыныпта оқиды. Үйдегі күні осылай алып келіп, әкетіп тұрам. Жұмыс күні көршілер кім бос деп адам іздеп қиналамыз. Бірінші сабаққа үнемі кешігеміз. Балалар не білім алады білмеймін.
Балалар Абай ауданынан Қарабасқа қатынайтын шағын автобусқа мінуге тырысады. Бірақ 20 адамдық көлікке көбісі сыймай қалады.
ІНЖУ ЗҰЛПЫХАР, ОҚУШЫ:
Мысалы қысылып мен сыймай қалдым. Қолымды ауыртып алдым. Сондай жағдайлар болды.
АҚБӨПЕ УАЙ, ҚАРАБАС КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қазір күн жылы, күн суытқанда қалай болатыны белгісіз. Балалар сыйыспағандықтан қалып қояды. Өзіміз ақшасын төлеп таксимен әкелеміз.
Негізі мектеп автобусы бар. Бірақ оны жүргізетін адам жоқ. Жалақысы небәрі 100 мың теңге болған соң ешкім келмейтін көрінеді.
НҰРБОЛ АЙҚОЖИН, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ШАРУАШЫЛЫҚ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:
Бізде водитель жоқ. Объявление бердік инстаграмда бәрінде бар. Еңбек КЗ те вакансия тұр. Әкімдік бәрі біледі. Әкімдер де сұрастырып жатыр.
ВЛАДИМИР АЛЕКСЕЕВ, ҚАРАБАС КЕНТІ ӘКІМДІГІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Бұл сұрақпен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы айналысып жатыр. Абай аудандық мансап орталығына тапсырыс бердік. Жүргізуші іздеп жатырмыз. Бірақ аз жалақыға ешкім келмей жатыр.
Бірнеше жыл бұрын ауылға мектеп автобусын сатып алған кезде оны жүргізетін адамның жалақысы ескерілмеген. Енді міне автобус аулада бос тұр. Ал балалар сол бұрыңғыдай қиналып жүр.