$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп Колумбияға шабуыл жасауды жоспарлап отыр

Трамп Колумбияға шабуыл жасауды жоспарлап отыр

Трамп 35 жыл бойы жалғасқан Руанда мен Конго арасындағы соғысты тоқтатты. Мен тоқтатпаған бір соғыс қана қалды, - дейді АҚШ Президенті. Десе де, «Бітімгер Трамп» Латын Америкасына соғыс ашуды жоспарлап отыр. Латынамерикалық кемелердің барлығын суға батырамын, - дейді. Енді Ақ үй басшысы Колумбияға да шүйлігіп отыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Конго мен Руанда соғысты тоқтатып, бейбіт келісімге қол қойды. Әдеттегіше, жауласқан екі елді АҚШ Президенті татуластырды. Қос Президенті Ақ үйге шақыртып алған Трамп, өзі болмаса, соғыс әлі ондаған жылға жалғасатын еді, - дейді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгін АҚШ үшін және бүкіл Африка құрлығы үшін керемет күн. Осы отырған үш Президент өз өзімізбен мақтана аламыз. Миллиондаған өмірді қиған қақтығысты тоқтатып, тағы миллиондаған адамның өмірін алып қалдық.

Бірақ, Трамп Латын Америкасына соғыс ашуға қарсы емес. Америкалық жастарды есірткімен улап отырған елдердің көзін құртатынын айтты. Венесуэланың артынан АҚШ Президенті енді Колумбияға да шүйлігіп отыр. Себебі, кокайн зертханалары дәл осы елде орналасқан.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз еріккеннен кемелерді жарып отыр деп ойлайсыздар-ау. Біз баяғыдан Есірткінің жасалатын жерлерін және жеткізілу маршруттарын білетінбіз. Алдыңғы әкімшілік бұған бей-жай қарады. Соның кесірінен миллиондаған америкалық есірткіге тәуелді болып, жылына онмыңдаған адам өліп жатыр. Енді Колумбиядағы зертханаларға соққы жасауды жоспарлап отырмын.

Бірақ, Колумбия Президенті бұл бүкіл елге жасалған шабуылмен бірдей болатынын айтып отыр. Қажет болса қорғанамыз, - дейді. Себебі, АҚШ теңіз күштері жарып жіберген кемеде 80 Колумбия азаматы болған.

ГУСТАВО ПЕТРО, КОЛУМБИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің азаматтар қандай қылмыс жасаса да, өзге мемлекеттің оларға қолының ұшын тигізуіне ешбір құқығы жоқ. Біз енді халықаралық теңізде жүрсе де, әр отандасымызды қорғаймыз.

Израильдің Евровидениеге қатысуына қарсы. Ұйымдастыру комитеті бүгін елдің ән байқауына қатысуына рұқсат берген. Нәтижесінде, Аустрияда болатын сайысқа Ирландия, Испания, Нидерланд және Словения бойкот жариялады.