Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада дәстүрлі «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының лауреаттарын марапаттады. Отандық бизнес өкілдері биыл түрлі қайырымдылық шараға 37 млрд теңгеден астам қаржысын атаған. Бұл жомарттықтарын Мемлекет басшысы да ерекше атап өтті. Келер жылдан бастап әлеуметтік жауапкершіліктері жоғары кәсіпкерлерге «Мейірім» арнайы ордені тағайындалатын болды.
Қазақстан экономикасындағы кәсіпкерліктің үлесі - 40 процентке жетті. Соңғы 5 жылда шағын және орта бизнес нысандары 1,5 есе артқан. Ал өнім көлемі 2,5 есе көп шығарылатын болды. Еңбекке жарамды халықтың жартысынан көбі, яғни, 4,5 млны – бизнесмен. Сондықтан азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасау - Үкіметтің негізгі міндеті, - деді Президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазір біз инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға баса мән беріп жатырмыз. Сондықтан Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді түрде айналысуы қажет. Қазіргі таңда бұл салада біраз жетістіктеріміз бар. Өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өсті. Бұл – тау-кен саласынан едәуір жоғары көрсеткіш. Соңғы жылдары негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді. Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артты.
Шетел сөрелеріне тауарын өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе артқан. Отандық өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есе ұлғайды. Нәтижесінде, биыл Қазақстан экономикасы 6 процентке өсті. Ішкі жалпы өнім 300 млрд доллардан асады, деп күтілуде. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең жоғарғы тарихи көрсеткіш. Бұдан әрі дами беру үшін салық, тариф және реттеу саясаты кәсіпкер үшін әділетті болуы аса маңызды деп Президент астын сызып айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық моделін жаңғыртады. Кәсіпкерліктің орнықты дамуы өзара міндеттерді орындауға негізделетінін түсінгеніміз жөн. Соған қарамастан маған бизнес тарапынан жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтініштер түсіп жатыр. Өтініштердің мазмұны баршаға мәлім, олар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда. Үкімет оларды мұқият саралап, ақылға қонымды шешім табады деп ойлаймын. Анығын айтқанда, басқа жол жоқ. Бұл – мемлекеттік ауқымдағы міндет.
Әлем елдері арасында шетелдік инвестицияға талас күшейеді. Бұған геосаяси шиеленіс пен халықаралық тасымалдау тізбегінің үзілуі себеп. Былтыр нақты секторға бағытталған капитал көлемі дүние жүзінде 11 процентке, яғни, 1,5 трлн долларға қысқарған. Сондықтан Қазақстан іскерлік ортаға жайлы жағдай жасауды жалғастырады. Ал бизнес салықтан жалтармауы керек. Бұл дамыған елдерге тән мәдениет. Салыққа қатысты түйіткілді мәселелер цифрлық құралдар арқылы шешіледі. Ал мемлекеттік сатып алудағы әділетсіздіктер өндірушілер реестрі мен тауарлардың ұлттық каталогымен реттеледі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 триллион доллардан 26 триллион долларға дейін пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша алады. Ал Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Мұндай болжам бар. Оның қаншалықты дұрыс екенін уақыт көрсетеді. Біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек.
Бизнестегі цирфландырудың нәтижесін қағазбастылықтың азайғанынан байқауға болады. ЕговБизнес платформасы арқылы биыл 4 млн 600 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді жою жалғаса бермек. Президент баяндамасынан кәсіпкерлерге 3,5 трлн теңге пайда табу үшін 473 нысан бәсекелестік ортаға берілетіні мәлім болды. Ал квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий жарияланады. Отандық шикізатты қолданатын, экспорт нарығында бәсекеге қабілетті кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Шара барысында, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа», «Парыз» байқауларының және Қазақстанның үздік тауары республикалық көрме конкурсының жеңімпаздарын марапаттады.