$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Абай облысына қоныс аударушылар саны артып келеді

AstanaTV
05.12.2025ж. 19:00
Абай облысына қоныс аударушылар саны артып келеді

Елге шеттен келіп, қоныстанған қандастарымыздың қатары артып келеді. Тек Абай облысының өзіне биыл 200 ге жуық адам Өзбекстан, Моңғолия, Қытай мен Түркіменстаннан көшіп келген. Ата жұртқа асыққан ағайынға мемлекеттен жан-жақты көмек көрсетіледі. Сондықтан, елге келемін деген ағайынның қатары әлі де көп дейді мамандар.

Көкпекті ауданына соңғы бір жылда Түркіменстаннан 20-дан аса отбасы қоныс аударған. Солардың бірі - Ерлан Ешманов. Тарихи отанында тұрмысын түзеп, үй алып, мал өсіріп, мемлекеттен берілген қолдауды тиімді пайдаланып отыр.

ЕРЛАН ЕШМАНОВ, КӨКПЕКТІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Келген уақытымызда үйге көмектесті. Квота, ақшалай көмектесті. Мал ұстаймын десеңіз, малға көмектеседі. Грант арқылы. Ол да бар. Жұмысқа салып береді. Балаларды мектепке орналастырып берді. Документтерге көмектесіп жатыр келген уақытымыздан.

Аудандық ауруханада медбике болып жұмыс істейтін Айхан Бейсенова да мемлекеттік қолдау бағдарламасы арқылы елге оралғандардың қатарында. Бүгінде тұрақты жұмысы бар, бала-шағасын бағып, жайлы тұрмыс кешіп отыр.

АЙХАН БЕЙСЕНОВА, МЕДБИКЕ:

Ризамын осы жерге келгеніме. Міне екі жыл болып қалды. Екі жыл ішінде көп жақсылықтар көрдік. Көмек етті. Жай берді. Шүкір! Балаларымыз оқуға орналастырды. Міне үш студентім бар. Үшеуі де колледжде оқиды.

Биыл ерікті түрде қоныс аударғандарға арнайы  бағдарлама шеңберінде Абай облысы бойынша 499 адамға квота бөлінген. Соның  тең жартысы қандастарға тиесілі.

АЙМАН НҰРЛЫБЕК, ЖҚӘБ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Мемлекет тарапынан қоныс аударушыларға, соның ішінде қандастарға да субсидиядар бөлінеді. Ерікті қоныс аударған азаматтардың әрбірінің отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш субсидия. Сонымен қатар біздің өңірімізге, Абай облысына келшенде үйді жалдап тұратын болса бір жылға дейін 15 АЕК тен 30 АЕК ке дейін арендасын қаражат төленеді.

Жыл соңына дейін тағы бірнеше отбасы көшіп келмек. Қазір олардың құжаттары рәсімделіп, жұмыс орындары мен баспаналары қарастырылып жатыр. Қандастармен қатар, Абай облысына оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар да көбейген.