$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақтөбеде студенттерге профилактикалық кездесу ұйымдастырылды

Ақтөбеде студенттерге профилактикалық кездесу ұйымдастырылды

Ақтөбеде Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттеріне арналған "Менің таңдауым – есірткісіз болашақ!" атты профилактикалық кездесу өтті.

Жиынға полиция қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері және еріктілер қатысты. Кездесудің басты мақсаты – жастарды есірткі қылмысынан сақтандыру, жауапкершілік сезімін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау болды. Еікті Сергейдің әңгімесіне студенттер ерекше назар аударды. Ол өзінің өмірінен алынған ауыр сабақтарды бүкпесіз айтып, жастарды қателікке бой алдырмауға шақырды. Есірткінің оңай олжа емес екенін, керісінше өмірді бүлдіретін қауіпті жолға түсіретінін шынайы мысалдармен жеткізді.

- Мен есірткі үшін 10 жыл өмірімді темір тордың арғы жағында өткіздім. Сол жылдарым еш құндылықсыз өтіп кетті. Ақша табамын деп жүріп, түрмеге түстім, — деді ол.

Болашақ дәрігерлерге арнаулы үндеу жасағандардың бірі – Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының облыстық төрағасы Марат Қойлыбаев. Ол жастарды зиянды әдеттерден алшақ болуға шақырып, әр адамның жеке жауапкершілік сезімінің маңызын атап өтті. Шара соңында полиция қызметкерлері қызметтік іздестіру иттерінің жұмысын көрсетті. Оқу-жаттығу барысында иттердің есірткі қылмысымен күрестегі кәсіби дайындығы мен маңыздылығы таныстырылды. Көрсетілім студенттердің зор қызығушылығын тудырды.