$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Тарихи жетістік: Таеквондошы Батырхан Төлеуғали U21 Әлем чемпионы атанды

Тарихи жетістік: Таеквондошы Батырхан Төлеуғали U21 Әлем чемпионы атанды

Қазақстан спортшысы Батырхан Төлеуғали Найробиде (Кения) өтіп жатқан таеквондодан (WT) 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында Әлем чемпионы атанды. Ерлер арасында 87 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол финалда ирандық Мохаммед Ализадені жеңді. 

Батырхан аталған Әлем чемпионанда барлығы төрт кездесу өткізді. Іріктеу кезеңінде Грекия спортшысын, ширек финалда Стюарт Джобты (Аустралия), ал жартылай финалда Владислав Будинді (AIN) айқын басымдықпен ұтты. 

Осылайша, таеквондодан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатын екі алтын, бір қола жүлдемен аяқталды. Осыған дейін Бейбарыс Қаблан (+87 кг) жеңімпаз атанса, Тамерлан Тілеулес (-63 кг) қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Мұндай көрсеткіш осыған дейін Қазақстан таеквондо (WT) тарихында тіркелмеген. 

Кенияда өткен Әлем чемпионатында 75 елден 500-ге жуық даянг шебері өзара бақ сынады. 

*Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметі*