$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Күн суығалы 120-дан аса өрт тіркелді

08.12.2025ж. 18:16
Күн суығалы 120-дан аса өрт тіркелді
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысында күннің күрт суытуына байланысты өрт оқиғалары мен көмірқышқыл газынан улану жағдайлары жиілеген. Жылыту маусымы басталғалы 120-дан астам өрт тіркелген, оның ішінде 7 адам газдан зардап шекті, деп хабарлайды Astana TV.

Ауа райының күрт суытуына байланысты, әдетте, ШҚО ТЖД құтқарушылары өрттердің көбеюін және көмірқышқыл газымен улану жағдайларын тіркейді. Өңірде жылыту маусымы басталғалы бері 120-дан астам өрт болған. Оның ішінде 30 өрт – электр жабдықтарын тиісінше пайдаланбаудан, 38-і – пештерді қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан, 39-ы – отты абайсыз қолданудан шыққан. Жарықшалары бар және түтін мұржалары тазартылмаған пештерді қолдану салдарынан 7 азамат көмірқышқыл газынан зардап шеккен.

 

«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысында бүгінгі таңда 34 800-ге жуық тұрғын үйге рейдтік аралау жүргізілді. Құтқарушылар үй иелеріне өрт қауіпсіздігінің талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Алдағы күндері өңірде дауылды ескерту жарияланған, суық антициклон сақталып, ауа температурасы төмендеуі күтіліп отыр», – делінген ведомство хабарламасында.

 

Құтқарушылар тұрғындарды мынадай ұсыныстарды ескеру қажеттігін ескертті:

  • Пешті тәулігіне бір рет қатты қыздырғаннан гөрі, бірнеше рет біркелкі жағу дұрыс;
  • Пешті бензинмен, керосинмен немесе басқа да тез тұтанғыш сұйықтықтармен жағуға болмайды. Аталмыш сұйықтықтардың буларының тұтануы жалынның лаулауына әкелуі мүмкін;
  • Күлді, қалдықты, күлді жанғыш заттардан 15 метр қашықтықта арнайы белгіленген орынға шығару қажет;
  • Пешті жағуды тұрғындар ұйқыға жатардан кемінде 2 сағат бұрын тоқтату керек;
  • Пештің есігін ашық қалдыруға, оны қараусыз қоюға, пешті жағуды балаларға тапсыруға, сондай-ақ пештің үстіне және қасына отын, киім немесе басқа да жанғыш заттарды қойып кептіруге қатаң тыйым салынады;
  • Аязды күндері электр жылытқыштарын пайдалану кезінде өрт қаупі артады, сондықтан құрылғылардың жарамдылығын қадағалап, электр желісін шамадан тыс жүктемеу, қондырғыларды әсіресе түнгі уақытта қараусыз қалдырмау қажет.