Атырау облысында шенділер саябақ орнына нысан салуға рұқсат берген. Ал Махамбет ауылының тұрғындары жасыл белдеуді отап, құрылыс жүргізуге қарсы. Айтуларынша, биліктегілер аға буынның еңбегін еш етіп, жасыл-желекке обал жасамақ.
БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Мына саябақтың көлемі -7 гектар. Салынғанына жарты ғасыр болған. Кезінде ауылдың шаңды топырағын басу үшін қоршалған жасыл белдеу. Тұрғындар дайын саябақты отап тастау экологияға ғана емес, алдыңғы буынның еңбегіне жасалған құрметсіздік,-дейді.
Атқамінерлердің әрекетін алғаш байқағандардың бірі - ауыл тұрғыны Дархан Мұхтаров. Заңгер жігіт ашық дереккөзден 7 гектар жасыл белдеудің 2 гектарына аудандық полиция бөлімінің ғимараты салынатынын көрген. Дереу ауылдың чатына, кейін әкімдіктің өзіне, жауапқа қанағаттанбаған соң депутаттардан бастап, бас прокуратураға дейін арыз жазған.
ДАРХАН МҰХТАРОВ, МАХАМБЕТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Аталарымыздың қалдырып кеткен аманаты ғой ауылымыздың ауасын жақсартады, кадастрдан көріп отырмын жерді беріп тастапты. Жалпы заңсыз, қай жағынан да, ол генплан өзгермей, қалай жер береді. Сосын берген жауабында мемелкеттік актіні бөлдік дейді. Ауылдық әкімдіктің атындағы мемекеттік актіні екіге бөлдік дейді. Жер кодексіне келетін болсақ, жер бөлінген жер сол бөліп жатқан иесінің атына кері жасалу керек.ұлар бөледі де, бір бөлігін облыстық сәулет басқармасының атына беріп жібреді.
АЙГҮЛ ТӘЖИЕВА, МАХАМБЕТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Адамдар айтатын еді. Махамбеттің тұсынан өткенде Махамбет шаңнан көрінбейді, топырақтан көрінбейді, алақұйын дейтін еді. Осы шаңнан, топырақтан біз осы жасыл белдеуді орналастырғаннан кейін ғана көз аштық. Ал енді соның 2 гектарына ғимарат саламыз дейді. Мен екі гектар түгілі бір қарыс жерді де беруге қарсымын. Ол ағашты қаншама жылдар өтті өсіру үшін, қаншама адамның еңбегі болды. Көркейіп тұрған жерді бүлдіріп барып неге жасайды.
Ал шешімге қол қойған ауыл әкімі бұл жерде еш заңсыздық жоқ деп, белсенділерді келісімге шақырған. Олар полиция ғимараты үшін ауыл ішінен 2 гектар жер табылмаған соң, сала мамандарымен ақылдасып, саябақ аумағын пайдалануды жөн көрдік дейді.
НҰРЛАН САПАРОВ, МАХАМБЕТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Екі гектарға нормативке сәйкес келетін жер жоқ болғасын кіреберістен осы жерді саябақтың бұл ескі саябақтың ішінен жалғастырып саламыз деп шешілді. Ауандық комиссиямен, архитектура, жер қатынастары бөлімі, бәрінен өтті комиссиядан. Оны бір қоғамдастықтан өтті. Солар бәрі қарады, рұқсатын бері. Басқа лайықты жер таба алмадық. Экологиялық заңнамаға сәйкес келеді. Себебі бұл жерде ағаш көп кесілмейді. Мына ағаштың бәрі қурап қалған ағаштар.
Алайда ауылдық һәм аудандық шенділердің өзімбілемдік шешімімен облыстағы құзырлылар келіспеді. Жобаны уақытша тоқтатты.
РУСЛАН ЖҰМАҒАЗИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Жобаға қажетті түзетулер енгізу үшін оның жүзеге асырылуы уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта Махамбет ауданының әкімдігі баламалы жер учаскесін бөлу немесе белгіленген тәртіппен бас жоспарға өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруда.
Махамбет ауылында 40 гектар жасыл белдеу бар. Ондағы ағаштарды күтіп-баптауға жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді. Тұрғындар бұдан бөлек кезінде Жайық өзені жағасында жайқалып тұрған тал-теректен де түк қалмады,-деп налып отыр.