$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақы тазылар құм қояндарын аулау бойынша жарысты

08.12.2025ж. 19:00
Қазақы тазылар құм қояндарын аулау бойынша жарысты

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында «Қазақы тазы» тұқымының иттері үшін құм қояны бойынша аңшылық сынақ өтті. Қазақы ит тұқымдарын сақтап, дамыту мақсатында ұйымдастырылған маңызды шараға Қазақстанның әр өңірінен аңшылар жиналды. Олар өздері баптап өсірген тазыларымен бірге жазық алқапқа шығып, жемтік аулап жарысты. Әділқазылар оларды үш топқа бөлді. Жүйрік жануарларға бес төреші баға беріп, көп қоян ұстаған тазылар жеңіске жетті.

БАУЫРЖАН СЕРІКҚАЛИ, ҚАЗАҚСТАН КИНОЛОГТАР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы жолы 15 тазы қатысып жатыр. Астана қаласынан ең қашықтан келген қатысушыларымыз. Жергілікті осы Шелек ауылының тазылары бар және көпшілігі Алматыдан келіп отыр.

Ойын барысында тазылардың шапшаңдығынан бөлек, иіс сезу, іздеу, жемтікке секіру техникалары, аңшылық қасиеттері мен бағытын өзгерту қабілеттеріне аса мән берілді. Айта кетейік, ең епті иттер алты айынан бастап аңшылыққа шығады. Олар сағатына 60-70 км жылдамдықпен жүгіре алады.

ЕРНАР МӨПТЕКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАЗЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бүгінгі жарысқа мен өз басым екі тазы алып келдік. Оны баптап, осы өзім тазы баққаныма 15-16 жыл болды. Сол 16 жыл ішіндегі сұрыпталған қазақи тазыларды, жүйрік тазыларымды екі тазымды алып келдім. Жетісіне екі рет арнайы жүгіртетін жазықтары бар, сол Қараойдың жазығы деген жазыққа дайындаймыз.