Қазақстан мен Ресей арасында тауар айналымы 30 миллиард долларға жетіп, 170-тен астам өндірістік жоба іске асады. Бұл бағыттағы жұмыстар Мәскеуде өткен Палатааралық комиссияның 12-отырысында талқыланды. Кездесуде екі ел басшыларының соңғы уағдаластықтарын орындау мәселелері қаралып, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты күшейту жолдары сөз болды. Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, қабылданған келісімдерді заңнамалық тұрғыдан уақтылы қолдаудың маңызды екенін айтты. Тараптар «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту, ауыл шаруашылығы бойынша шектеулерді жеңілдету және миграциялық рәсімдерді оңтайландыру мәселелерін де талқылады. Жиын қорытындысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған келісімдер бекітілді.
АЛЬБЕРТ РАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Инвестициялар жөнінде айтар болсақ, соңғы 20 жылда Қазақстан Ресей экономикасына 9 миллиард доллар инвестиция салғанын көріп отырмыз, ал ресейлік инвесторлар Қазақстанға шамамен 28 миллиард доллар құйған. Біз парламенттік дипломатияның күшіне сенеміз және тағы да қайталап айтамын: еліміздің көптеген алаңдарында жүргізіп жатқан жұмысымыз жүйелі бағытқа негізделген, әрі барлық позицияларымыз мұқият айқындалған және бір-бірімен сәйкес келеді.