$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақмола облысында сапасыз өнім саудалаған кәсіпкерлер айыппұл арқалады

Ақмола облысында сапасыз өнім саудалаған кәсіпкерлер айыппұл арқалады

Пиязды 60 пайыз үстемемен сатқан

Ақмола облысында азық-түлік нарығын тұрақты тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар өнімдерге рұқсат етілген сауда үстемесін асыру фактілері анықталды. Мемлекеттік бақылауды Ақмола облысы бойынша ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті жүргізеді.

Мысалы, жеке кәсіпкер Юлдашев сәбізді 33,3% сауда үстемесімен сатқан, бұл заңда белгіленген рұқсат етілген деңгейден айтарлықтай жоғары. Сол сияқты, ИП «Гуляева Т.М.» «Хуторок» дүкенінде қарақұмық жармасын 27% үстемемен, ИП «Жаналинова» «Продукты» дүкенінде қырыққабатты 72,7% үстемемен, ал ИП «Мирмахмуд» пиязды 60% үстемемен сатқан.

Әр жағдай бойынша кәсіпкерлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Бұл шаралар әділетсіз тәжірибелердің алдын алуға, саудадағы ашықтықты қамтамасыз етуге және азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған.

Сонымен қатар, Шортанды ауданындағы дүкенде шұжық бағасы шетел валютасы рубльмен белгіленген. Заң бойынша сауда сөресіндегі баға тек қана теңгеде көрсетілуі шарт. Бұл құқық бұзушылық үшін кәсіпкер айыппұлға тартылды.

2025 жылы Ақмола облысында әкімшілік жауапкершілікке 216 кәсіпкер тартылды, олардың 99-ы ескерту алды, ал 117-сі жалпы сомасы 2,2 миллион теңгеден астам айыппұл төледі. Анықталған құқық бұзушылықтар қатарында әлеуметтік маңызы бар өнімдерге сауда үстемесінің асып кетуі, шетел валютасында тауарларды сату, тұтынушы бұрыштарының жоқтығы және тұтынушылардың шағымдарына заңда белгіленген мерзімде жауап бермеу бар.

«Сонымен қатар, біз күмәнді 21 өнімді сатып алып, тексеріс жүргіздік. 17 жағдайда таңбалау талаптарының бұзылғаны анықталды. Кәсіпкерлерге 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Жұмысты әлі де жалғастырамыз. Облыс бойынша сауда нүктелерін бақылап, заңсыздықтың алдын алып жатырмыз», - деді Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіров.