Республика бойынша көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Сондықтан әлеуметтік көмекке жүгінушілер саны өзге өңірлермен салыстырғанда жоғары. Дегенмен, жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарды. Өңір әкімі Нұралхан Көшеровтың ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім еткендей, аймақтағы кедейлік деңгейі 4,4%-ға төмендеді.
Ағымдағы жылдың 10 айында 122 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының тұрақты даму қарқынын дәлелдейді.
«Мемлекет басшысы халқымыздың тамыры – ауылда екенін ерекше атап өтті. Облыс халқының 75%-ы ауылдық жерлерде қоныстанған. Осыған орай, ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Облыста жалпы 2 млн астам тұрғын немесе 98,5%-ы ауыз сумен қамтылған. Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 11 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жетеді. Дегенмен, ауыз суды кестемен ішетін 192 елді мекеніміз бар. Негізгі себебі – ұңғымаларда су дебеті азайған, су жүйелерінің тозығы жеткен. Осыған орай, нақты жоспар жасап, алдағы уақытта кестемен ауыз су ішіп отырған ауылдардың мәселесін кезең-кезеңімен шешетін боламыз», – деді өңір басшысы.
Аймақта табиғи газбен қамту деңгейі 85,5%-ды құрады. Ағымдағы жылы қосымша 37 елді мекенге газ құбыры тартылады. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 88,9%-ға жеткізілмек. 2 жылда 66 елді мекеннің электр жүйелері жаңғыртылып, сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ биыл облыста 289 нысанға немесе 1 236 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 951,4 шақырым пайдалануға беріліп, жолдардың нормативтік үлесін 94,7%-ға жеткізу жоспарда бар.