Қарағанды облысы Қытайда өзінің «жеке кабинетін» ашты. Үрімші қаласындағы QazTrade кеңсесі мен шоурумында өңірдің ресми өкілдігі іске қосылды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Қытайға сапары кезінде әкімдік, «Сарыарқа» ӘКК және QazTrade арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.
«Өңірлік кәсіпорындарды біріктіру, олардың тауарларын Қытай нарығына жүйелі түрде шығаруға ең қажетті құрал - ӘКК. Енді «Сарыарқа» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы біз арқылы Қытайдың сатып алу орталықтарына тікелей шығып, жергілікті нарықта тұрақталады», – деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.
2025 жылғы қаңтар–қазан айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі 39,8 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 8,8% өсті. Экспорт 18%-ға, импорт 3,6%-ға артты.
Соған қарамастан, елімізде өңірлік экспорт көп жыл бойы жүйесіз дамыды. Компаниялардың көбі Қытайға тек бір реттік партиялармен шығып, тұрақтылықтың болмауы салдарынан Қытай нарығының ең тиімді бөліктерін басқа елдің ірі компаниялар иеленіп келді.
Үрімшіде Қарағанды өкілдігінің ашылуы өңірлер арасындағы жағдайды да айтарлықтай өзгертеді деп күтілуде. Қытай нарығындағы бос орындарға алғашқылардың бірі болып кірген өңір басымдыққа ие болатыны белгілі. Инвесторлар да Қатайда нақты локациясы бар облыстарды таңдайды. Нәтижесінде әр өңір өздерінің жеке экспорттық бағытын қалыптастыру мүмкіндігіне ие болады.
QazTrade-тің Қытайдағы өкілі Ерхан Еркін басқа өңірлерді де өз өкілдігін ашуға шақырып, бұл жұмысқа қажетті негізгі қадамдарды атап өтті: QazTrade инфрақұрылымын тиімді пайдалану, экспортқа шығатын негізгі 20 тауарды нақтылау, сапалы инвестициялық ұсыныстар дайындау және формалды делегациядан нақты нәтижеге бағытталған B2B-кездесулерге көшу.
Бұл модель алдағы уақытта басқа өңірлерге де таратылады. «Сарыарқа» ӘКК-сының өкілдігі – Қытаймен өңірлік деңгейде нақты және ұзақ мерзімді жұмыс бастаудың жаңа форматын ашып отыр.
Қытай қазір сатып алу жүйесін орталықтан аймақтарға бөліп, әр провинция өз жоспарын өзі жасап жатыр. Сондықтан өңірлер Қытайда өз өкілдігін ашып, жергілікті серіктестермен жылдам байланысып, сатып алу орталықтарына тікелей шығуы қажет.
Қарағанды облысы осы жаңа бағытқа алғашқылардың бірі болып бет бұрды.