$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақтөбеде Елек өзенінен мәйіті табылған жасөспірім мен 27 жастағы азаматтың жақындары олардың өліміне күдікпен қарайды

AstanaTV
09.12.2025ж. 19:00
Ақтөбеде Елек өзенінен мәйіті табылған жасөспірім мен 27 жастағы азаматтың жақындары олардың өліміне күдікпен қарайды

Ақтөбеде Елек өзенінен мәйіті табылған жасөспірім мен 27 жастағы азаматтың жақындары олардың өліміне күдікпен қарайды. Суға өз еркімен барды дегенге сенбей отыр. Оған не себеп? Тілшіміз Жанар Датқызы айтады.

16 жастағы Ислам Төреғали өмірге құштар болған, болашаққа жоспары бар еді дейді жақындары.  Мектепте озат, үйде жанашыр бауыр ретінде еске алады.   Сабақтан бос уақытында моншада жұмыс істеп, еңбекқорлығымен көзге түсіпті. Жасөспірімнің аяқ астынан болған қазасы ата-анасының жанын жаралап отыр.

АЙГҮЛ КЕРЕЙЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Баламды не үшін қорлады? Не үшін өлтірді? Маған осы әділдік керек. Енді маған баламды ешкім маған қайтарып бере алмайды. Жақсы білем. Дей тұрғанмен де баламның осы кісі қолынан қаза тапқанын дәлелдеуім керек боп тұр бұ жерде. Балам өздігінен барып, екі адам бірдей суға секіріп кетті, екі адам оқыс жағдай болды дегенге мен ешқалай сене алмаймын, сенбейді ана жүрегі.

Исламның денесі табылған өзненнен артынша  27 жастағы Самат Сырлыбайұлының да мәйіті шығарылған.  Екеуінің денесінің  бір жерден табылуына  марқұмдардың жақындары күдікпен қарап отыр. 

САМАТ ҚАЛИЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Екі жаққа да жұмбақ болып тұр енді. Бұларды не байланыстырып тұрғаны. Жастары да сәйкес келмейді иә бір жолдас болды, дос болды дейтіндей. Тергеу жүріп жатыр, ештеңе айта алмаймыз, суға батқан-болды. Басқа ештеңе айтпайды.

Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған мәлімет таратпауға шақырады. 

АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Кәмелетке толмаған жасөспірімнің жоғалғаны туралы хабар түскеннен кейін полиция қызметкерлері, құтқарушылар және еріктілер дереу іздестіру шараларына кірісті.Аталған бейнежазба полиция тарапынан мұқият тексерілді. Бейнежазбадағы автокөлік анықталды. Көлікті жүргізген ер адамның кейіннен өзеннен табылғаны белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ.

Ал қаралы екі отбасы үшін ең бастысы- балаларының өліміне не себеп болғанын білу. Олар әділдік үшін соңына дейін күресуге дайын.